"Ұлттық экономиканың дамуына энергетика саласы арқылы үлес қосқым келеді"

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3304

"Astels" компаниясының бас директоры осылай дейді.

"Ұлттық экономиканың дамуына энергетика саласы арқылы үлес қосқым келеді"

Энергетика саласының тыңына түрен салуға бел буған кәсіпкер, "Astels" ЖШС-ның бас директоры Назгүл Мақжан басқаратын компания былтыр Қазақстан ұлттық бизнес-рейтингі бойынша "Import export award 2016" аталымында үздік кәсіпорын атанды. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін ол жан аямай еңбек етті.

Назгүл Сейітқожақызы 1984 жылдың 12 шілдесінде Ақмола облысының жаңа Қима ауылында дүниеге келген. Орта мектепті, "Әділет" жоғарғы құқық мектебін, Қарағанды экономикалық университетін үздік аяқтаған. Мамандығы бойынша заңгер, экономист.

Кәсіп қалай басталды?

Қарапайым отбасынан шыққан қыз қоңыр тірлік кешті. Еңбек жолын жарнама менеджері қызметінен бастап, Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің арнайы жасақталған бөлімінде жедел уәкіл болып жалғастырды. Уақыт өте келе Қазақстан коммунистік халық партиясы баспасөз қызметінің жетекшісі лауазымына тағайындалды. Бұл жерде де міндетін мінсіз атқарып, саяси ұйымның оң имиджін қалыптастыруға ықпал етті. Бұдан кейін ол баспахана саласына бет бұрды. Бұл жерде әбден ысылып алғаннан соң, өзін жаңа қырынан тануға талпынды. Сөйтті де біржолата энергетика саласына бет бұрды.

Оңтүстік Кореямен әріптестік

"Энергетика саланың ма­маны болмағандықтан, іс бастағанда үмітімізден күмәніміз көп болды. "Сабақты ине сәтімен" деген сөз рас екен, бірде Оңтүстік Кореяның аза­маттарымен бас қостық. Олар бізге бірлескен жоба ұсынды. Осылайша біз энергетика саласында әлемдік көшбасшы мемлекеттер мен Қазақстан арасында делдал болу туралы шешім қабылдадық. Нәтижесінде  Оңтүстік кореялық "LSIS" компаниясы бізге Қазақстан аумағында өкіл болу құқығын берді", - деді Назгүл Мақжан.

Оның сөзінше, 1974 жылы негізі қаланған ше­телдік компания дүниежүзі бойынша электрмен қамтамасыз ету, автоматтандыру және жа­сыл технология салаларының көш­басшысы болып табылады. Сонымен қатар бұл компания әлемге "Smart Grіd" жүйесін ен­гізгендігімен және Ирактың энергожүйесін қалпына кел­тір­генімен танылған. Қазір "LSIS" компаниясы Малайзиядағы TNB компаниясының жобасын жүзеге асырып жатыр.

Беделді әрі ірі ұйыммен ор­нат­қан әріптестік теңгенің еркін ай­на­лымға шығуы, кедендік тек­серуден кейінгі тауар баға­сының шарықтап кетуі, сатып алу мүм­кіндігінің күрт төмендеуі сын­­ды сыртқы факторлардың әсерінен Назгүлдің жоспарына үлкен өзгеріс енгізді. Осылайша "Astels" компаниясы ел аумағында вакуумды ажыратқыш  өндірісін қол­ға алып, Астанада энергетика са­ла­сындағы алдыңғы қатарлы технологияның талабына жауап беретін вакуумды ажырат­қыш өндірісін іске қосты.

Вакуумды ажыратқыш деген не?

Бұл – жоғары қуатты үлестіру жүйесіндегі коммутациялық құ­рыл­­­ғының заманауи түрі. Ол кем дегенде 25 жыл мінсіз қыз­мет етеді. Ал майлы және элек­тро­магнитті ажыратқыш қыста – қатады, жазда – қызады. Яғни  кәсіпорын уақыттан да, қаржыдан да ұтылады. Вакуумды  ажыратқыш кенеттен пайда болған жоғары кернеу кезінде қуат көзін қалыпты жағдайда ұстап тұрады және түрлі кернеуді үйлестіріп отырады. Тозу төзімділігі мықты болуына байланысты вакуумды ажыратқыш шығынды да азайтады.

Осы уақытқа дейін нарыққа 400-ден астам вакуумдық ажы­­ратқыш шығарылды. Дәл осы ажыратқыштың сапасы өзінің әлемге әйгілі Sieme­ns, ABB, Shnyider секілді ба­ла­ма­ла­рымен бірдей. Бұған қоса ол барлық халықаралық IEC стандарттарына сай келеді. Ерекше атап көрсетерлігі аталмыш өнімнің құны нарықтағы бағадан 30%-ға арзан.

Қазақ брэнді ­– AVL - 1200

"Astels" компаниясы кернеуi 10 кВ-тық AVL-1200 атты қазақ брэнді болып та­бы­латын вакуумды ажы­рат­қыш өндіреді. Қазір аталмыш отандық өнімді еліміздегі бе­делді құрылыс, сондай-ақ ай­мақтық электр желілік ком­паниялары, Астана элек­тро­техникалық зауыты, Қарағанды, Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Алматы қалаларының кәсіпорындары қолданып жатыр.

"Отандық өнімнің шетелдік вакуумдық ажыратқыштан бір­неше басымдығы бар. Бірін­шіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының қосалқы бөл­шегі  Кореядан әкелініп, елі­мізде құрастырылады. Ал басқа компаниялар шығаратын өнімдер дайын күйінде толығымен ше­тел­ден тасымалданады. Сол себепті олардың бағасы қымбат болады. Екіншіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының толымдаушылары ҚР энер­ге­ти­калық заңына сай жасалады. Ал шетелде жинақталған ва­ку­­умдық ажыратқыштар бұл заң­намаға сай келмеуі мүм­кін. Бұған қоса тұтынушы өзі­міз­де өндірілетін вакуумдық ажыратқышты қосымша бөлшектермен толымдай алады, бұл ­–тасымалдауға жұмсалатын қаражат пен уақытты үнемдеудің тиімді әрі таптырмас тәсілі.

Вакуумды ажыратқыш  дыбыссыз жұмыс істейді, жарылу, жану қаупі жоқ. Осындай отандық өнім өндіру арқылы біз еліміздің энергетика саласын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және бюджетке төленетін салық көлемін еселеуге қомақты үлес қосатынымызға сенімдіміз. Келешекте жинақтаудың қазіргіден де жоғары дәрежесіне жете отырып, ұсақ тораптық бөлшектерді өзіміз өндіруді жоспарлап қойдық. Қазақстан Еуразиялық эко­­­­­­номикалық одаққа енген­нен бері отандық өнімді өт­кі­­­зетін нарықтың аясы ке­ңей­ді. Сондықтан біз ал­да­ғы уақытта кернеуi 10 кВ   автоматтандырылған ауа ажы­рат­қыштарын да өндіруді қолға аламыз", - деді кәсіпкер келіншек.

Министрлікпен мәміле

Өткен жылдың соңында Назгүл Мақжан басқаратын "Astels" ЖШС энергетика саласы бойынша еліміздегі ең үздік 10 компанияның құрамына енді. Мамандар мойындаған компания инвестициялар және даму министрлігінің назарына алынды. Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігінің инвестиция бойынша арнайы кеңесшісі Олжас Раев Назгүл Сейітқожақызына хабарласып, шетелдіктермен байланыс орнату бағыты бойынша әріптестік ұсынды.

"Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Қазір инвестициялар және даму министрлігімен әріптестік жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біз мемлекеттік мекемемен бірлесе отырып, шетелдік компаниялармен осыған дейін орнатқан байланысымыздың тамырын тереңдете түсеміз деп үміттенеміз", - деді Назгүл Мақжан.

Адал жар, асыл ана

Жеке кәсіптің ыстық-суығын қатар көріп жүрсе де Назгүл жар, ана ретіндегі міндетін абыроймен атқарып келеді. Ол қат-қабат жұмысының арасында құдай қосқан қосағының жағдайын жасап, бауыр еті баласының да көңілін аулай біледі. 

"Жұмыстан шаршап келсем де, өзімнің жар, ана, келін ретіндегі міндетімді ешқашан ысырып қойған емеспін. Мен ғана емес, қазақтың барлық қыз-келіншектері осылай істейді. Себебі ұят пен абыройды және намысты барлығынан биік қою қазақ қыздарының қанына сіңген қасиет. Жарыңа жақпасаң, балаңа тәрбие бермесең, үлкендердің батасына жарымайсың", - деді Назгүл Мақжан.

"Жұмыспен қамту – 2020" бағдарламасын қолдап отырмыз"

"Кез келген кәсіпті бастағанда маман тапшылығы болады. Сенесіз бе, біз сату бөліміне менеджер маманды 3 ай іздедік. 300-ден аса түйіндемені қарап шықтық. Сосын елордадағы жоғары оқу орнына барып, деканға жолықтық. Нәтижесінде декан ұсынған  10 студенттің төртеуін қызметке қабылдадық. Білікті кадр табыстың еселенуіне, нәтиженің артуына себепші болады. Сондықтан біз қызметкерлеріміздің әлуметтік жағдайын ерекше назарда ұс­таймыз. Олардың алаңсыз жұ­мыс істеуіне мүмкін болған жағ­дайдың барлығын қарастырамыз.

Қазіргі таңда компания штатында ондаған адам еңбек етіп жатыр. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Кореяға барып, кәсіби біліктіліктерін шыңдап келді. Ағылшын және кәріс тіліне жетік. Тіл үйренуге қаржыны компания бөледі. Жыл сайын қызметкерімізді шетелге оқуға аттандырып отыруды жоспарымызға енгіздік. Олар вакуумды ажыратқыштарды жинауды үйренеді. Бізде қазір әуе автоматы өнімін іске қосу үшін дайындық жүріп жатыр. Жақында Екатеринбург қаласынан маман алдырдық. Оны жұмыспен, баспанамен қамтамасыз еттік. Біз осылайша "Жұмыспен қамту – 2020" мемлекеттік бағдарламасына қолдау көрсетіп отырмыз", - деді Astels" компаниясының бас директоры.

"Арпа ішінде бір бидай"

Отандық һәм шетелдік энергетиктер бас біріктіріп, маңызды мәселелерді күн тәртібіне қоятын байырқалы басқосуларда бір адам көзге оттай басылады. Ол – Назгүл. Себебі энергетиктердің жиынына саланың жілігін жарып, майын ішкен ер адамдар қатысады. Назгүл олардың ортасында "арпа ішінде бір бидай болып", ерекшеленіп жүреді. Басында Назгүлге тосырқай қарағандар болған. Қазір олардың барлығы Назгүлмен энергетика саласы бойынша тәжірибе алмасып, ой бөлісіп жүр.

"Меніңше "энергетика саласы әйел адамға таңсық дүние" деген пікір дұрыс емес. Ер адамның ақыл-ойы мен мүмкіндігі жеткен кез келген іске әйел адамның да қабілет-қарымы жетеді. Ең бастысы бизнеске ниет пен ізденіс қажет. Сонымен қа­тар қаржыны басқаруда, на­рық­ты игеруде, маркетинг пен сату ісінде, кадр таңдауда, ст­ра­тегиялық жоспарлауда, тәуе­келдерге баруда сауатты болу керек. Осыларды меңгермеген ер адам да шалқып тұрған шаруаны шатқаяқтатып жіберуі мүмкін. Ал қоғам әйелдер құрылыс, транспорт, шикізат өнеркәсібі, мұнай-газ және энергетика салаларын игере алмайды деген ұғымнан ажырауы тиіс деп ой­­лаймын. Себебі бұл өткен заманның түсінігі. Жеке өзіме келетін болсам, болашақта ұлттық экономиканың дамуына энергетика саласы арқылы үлес қосқым келеді", - деді бас директор.

 "Кәсіпкерге кедергі көп те емес, жоқ та емес"

"Үкімет шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасап жатыр. Алайда бұл кәсіпкерлер кедергі көрмейді деген сөз емес. Басқа салалардағыдай энергетика саласында да бізге Кедендік одақ мәселе туғызады. 2012 жылға дейін еркін қойма ашып, толымдаушыларды нөлдік мөлшерлеме бойынша кедендік рәсімдеуден өткізуге болатын. Қазір мұндай мүм­кіндік жоқ. Біз шеңбермен шек­­­­теуліміз, қосарланған са­лықтан бөлек, сертификат алу үшін де ресейліктерге жүгінуге мінд­ет­ті­міз. Сондықтан тек қана біздің компанияның ғана емес, басқа да отандық компаниялардың дамуы үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет деп ойлаймыз", - деді Назгүл Мақжан.

Жақсылықтың жаршысы

Назгүл жалғызбасты аналар мен жетімдерге, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға сонымен қатар дағдарыс орталықтарына қол ұшын созуды көздейтін "Шапағат" халықтық жобасының пайда болуына және үздіксіз жұмыс істеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Аталмыш жоба аясында әлеуметтің әлсіз тобына үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Ал жақсылық жасап жатқан жандардың бел ортасында Назгүл жүр. Бұдан бөлек "Astels" компаниясының бас директоры балалары ауыр науқасқа шалдыққан отбасының есепшотына ай сайын қомақты қаржы аударып отырады. Осы турасында сыр суыртпақтағанымызда кейіпкеріміз: "кімге, қалай, қандай көмек көрсететінім маңызды емес. Ең бастысы әр адам жағдайы келсе, мұқтаж жандарға қол ұшын созуы тиіс. Шынымды айтайын, қайырымдылыққа қаржым қалтама сыймай жатқаннан, асқаннан, тасқаннан келген жоқпын. Қамкөңіл анамен оның бауыр еті баласына әйел ретінде, ана ретінде жанашырлық танытқым келді. Себебі қайырымдылық – адамды ізгілікке тәрбиелейді. Өмір сүруге құлшындырады, жүрегің мен жаныңа тыныштық орнатады", - деп жауап берді.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу