"Ұлттық валютаның құны рубльге тәуелді емес"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3963

Экономикалық саясатты қаржыны үнемдеуден және экономикалық саясатқа түзету енгізуден бастау керек.

"Ұлттық валютаның құны рубльге тәуелді емес"

ТМД елдері мен Қазақстанның экономикалық және қаржылық блогының топ менеджерлері Алматыда осымен бесінші рет өткізілген саммитте бас қосып,  әлемдік экономикадағы "қара жәшіктің" ішінде қандай құпия бар екенін ой елегінен өткізді.

Әлемдік экономикадағы "қара жәшік" қандай құпияны жасырып жатқаны бізді ғана емес, алпауыт елдерді де толғандырады. Бұған күні бүгінге дейін жеке-дара дамуды жөн көріп келген Үндістан мен Қытайдың Давос форумында тұңғыш рет жаһанданудың қажет екенін айтып, әлемдік интеграция туралы сөз қозғағаны дәлел.

Басқосу барысында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов пікір білдірді. Ол экономикалық саясат айқын болуы керек екенін айтты.

"Экономикалық саясатта А жоспарымен қатар Б жоспары қатар жүруі керек. Басқаша айтқанда Б жоспары құтқару жастықшасының көмегін атқаруы тиіс. Біз екі алпауыт мемлекеттің ортасында тұрмыз. Қытай өсіп жатыр. Олардың ішкі-сыртқы өсімі өздері қалаған деңгейдің шекарасынан шықпайды. Ал АҚШ санкциясы Ресейге ақша санауды және оны ретімен жұмсауды үйретті. Қазақстанда инфляция деңгейі 6% болса, Ресейде бұл көрсеткіш 2%. Қазір Ресей басы артық шығынға жол бермейді. Бізге де экономикалық саясатты қаржыны үнемдеуден және экономикалық саясатқа түзету енгізуден бастау керек", – деді Айдархан Құсайынов.

Оның сөзінше, "қара жәшіктің" әлемнің қай бұрышында екенін ешбір ел  білмейді. Сондықтан мемлекеттер бір-біріне сеніммен емес, күдікпен қарайды.

Саммитте сөйлеген сөзінде саясаттанушы Досым Сәтпаев ТМД топ-менеджерлерінің назарын қазақ экономикасының ұлттық басымдықтары тақырыбына аударды.

"Қазақстан экономикасы жайлы екі түрлі пікір қалыптастыруға болады. Бірі  - фейк экономика, екіншісі - зомби  экономика.  Фейк - экономиканың әдемі, бутафорлы нұсқасы, ал зомби - мемлекеттің несиесіне масыл болып отырған экономика", – деді Досым Сәтпаев.

Бұл пікірге ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жауап берді.

Оның сөзінен ұққанымыз, үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға табыс салығын салудың тетігін әзірлеп қойған. Алайда бұл уәж министрді қолайсыз сұрақтардан құтқара алмады.

"Centras Group" басшысы  Ельдар  Әбдразақов Қазақстан экономикасы Ресей экономикасына тәуелді деген ойды төтесінен тартты.

"Біздегі реформалар Ресейдегі реформалардың көшірмесі", – деді ол.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов экономикамызға Ресей Федерациясының ықпалы бар екенін мойындағанмен, біздің оларға тәуелділігімізді жоққа шығарды.

"Тәуелділік деген жақсы термин емес. Көрші мемлекеттердің бір-біріне ықпалы барлық елдерде бар. Мұны жоққа шығару дұрыс емес", – деді министр.

Модератор Руслан Погоролев теңге мен рубль жұбындағы 5,5-5,7 деген көрсеткішке көзіміз үйреніп қалғанын айтты.

"Ресейдегі президент сайлауынан кейін жағдай қалай болатынын ешкім білмейді. Ресейде 1 АҚШ доллары 70 рубль болса, Қазақстанда 1 АҚШ доллары 400 теңгеге жетеді деген болжам", – деді ол.

Осы пікірге жауап берген Тимур Сүлейменов: "Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес.  Бұл жағдайда тек эскпортерлер ғана қиындыққа тап болады. Қазақстан экономикасы Ресей экономикасына тәуелді деген пікірмен келіспеймін. Біздің өз жолымыз бар. Ұлттық валютаның құны рубльге тәуелді емес", – деді.

Экономист Ораз Жандосовтың Қазақстанда бизнес жүргізуге не кедергі деген сауалына ұлттық экономика министрі: "Мемлекеттің бизнеске кедергі келтіруі мүмкін емес. Басты кедергі – қаржыландырудың кемшіндігі шығар", –десе, "Халық банктің" басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова "Қаржыландыруда кемшілік жоқ, кәсіпкерлеріміз бизнес жобасын жүйелендірмей жатып, "тәбеттеріне" ерік береді. Қайтарымы күмәнді жобаларға ешкім қаржы салмайды", – деді.

Соңғы спикердің сөзінен ұққанымыз, банктің несиесі қымбат, оған қол жеткізуге мүмкіндік аз.

"Заманның беталысы өзгерді. Арзан несиеге иек артқан масылдық психологиядан арылу керек", – деді Үміт Шаяхметова.

Оның айтуынша, несиеге иек артқан масылдық психологияға шалдыққандардың ішінде бизнес өкілдерінің көп болуының салдарынан банктер капиталдарын қайда жұмсайтындарын білмей, облигация алуға шығындап отыр.  

Руслан Погорелов "Халық банктің" "Қазкомды" сатып алғанын еске түсіріп, Үміт Шаяхметовадан өткенге оралу мүмкін болса, осы қадамға тағы бір мәрте баруға тәуекелі жетер-жетпесін білгісі келді.

Үміт Шаяхметованың сөзінше, бұл сұраққа жауап беретін кез келген жоқ.  Себебі екі банктің арасындағы мәмілеге жарты жыл ғана болды.

"ҚазКомды" қайта қаржыландыру үшін "Халық банк" 185 млрд теңге жұмсаған. Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін әлі бір жыл күтуге тура келеді", – деді Үміт Шаяхметова.

Осы тұста сөзге араласқан экономист Ораз Жандосов бір жылдың өзі көп уақыт екенін аңғартты. Ол "Қазкомның" "өмір сүруі" үшін бюджеттен 2,4 трлн теңге жұмсалғанын айта келіп, аталған қаржының қашан және қандай жолмен бюджетке кері қайтарылатынын сұрады.

"Мен бұл сұрақты қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мырзаға қоюым керек еді. Бірақ сізге де қатысты деп ойлаймын. Қаржы, ұлттық экономика министрліктері мен Ұлттық банк үкіметтік порталда қаржыны қайтарудың күнтізбесін жариялап тұруы керек", – деді Ораз Жандосов.

Ұлттық банктің бұрынғы төрағасының тосыннан қойған сауалына ұлттық экономика министрінің жауабы дайын болып шықты.      

"Айына бір рет күнтізбені жариялау қиын шығар. Тоқсан сайын, тіпті жыл сайын бір рет жариялап тұруға қарсы емеспіз", – деді Тимур Сүлейменов.

Ораз Жандосов пен Тимур Сүлейменов арасындағы әңгіменің тым қоюланып бара жатқанын байқаған "Халық банктің" басқарма төрағасы 2,4 трлн теңгенің белгілі бір бөлігі қайтарылмайтынын ашып айтты. Оның объективті және субъективті себептері бар екен. Алғашқысына дағдарыс, екіншісіне 2006-2007 жылдардағы банктердегі менеджмент жұмысының дұрыс үйлестірілмегендігі себеп", – деді Үміт Шаяхметова.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу