"Жасыл" энергетика жобасы жарты жылға кейінге шегерілді

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
11689

Ұлттық экономика министрлігі жасап жатқан қысым салдарынан энергетика министрлігі ЖЭК тарифін валюталық индекстеу жоспарынан бас тартуы мүмкін.

"Жасыл" энергетика жобасы жарты жылға кейінге шегерілді

Жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды қолдау механизмін енгізу жарты жылға кейінге шегерілді. Ұлттық экономика министрлігі бұдан бұрын таңдап алынған электр энергиясын ЖЭК-тен тарифтерді валюталық индекстеу әдісін сынға алды. Жасыл энергетика өкілдері теңгемен іске асырылатын арзан қаржыландыруды сұрап отыр.

2016 жылдың наурыз айында сенат теңгенің айырбас бағамының өзгеруіне байланысты ЖЭК-тен берілетін электр энергиясының тіркелген тарифтерін жыл сайын индекстеуді қарастыратын заңға түзету енгізді. Ал қараша айында энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев министрлік индекстеу механизміне қатысты мәселені шешкенін айтты. Сол кезде таңдап алынған әдіс тарифтерді инфлицияға және доллар бағамына индекстеуге мүмкіндік береді делінген болатын. Тариф 70% инфляция есебінен, 30% доллар бағамымен қалыптасады.

Алайда ЖЭК жобаларын мемлекеттік қолдау шарасын бекіту мерзімі 2017 жылдың шілде айына шегерілді. Осы мәселеге қатысты жұмыс тобы "жасыл" энергетика үшін жеңілдіктің бірнеше түрін қарастырып жатыр. Бұл туралы abctv.kz-ке "Samruk Kazyna –United Green" ЖШС бас директоры Нұрлан Қапенов мәлімдеді. Осы орайда бұл компанияның Жамбыл облысында "Бурное Солар" күн электр стансасы жобасын іске асырып жатқанын айтып өткіміз келеді. Нұрлан Қапенов валюталық индекстеуге "долларсыздану саясатын жүргізіп отырған" ұлттық экономика министрлігінің қарсы болып отырғанын айтады. Сонымен бірге оның өзі де бұл механизмді қолдамайды, өйткені бұл ЖЭК жобалары үшін инвестициялық тәуекелдерді болдырмауға кепілдік бермейді.

"Бұл формула ұлттық экономика министрлігінің қарауынан өтпей қалды. Осыған қатысты үлкен дау туындады. Біріншіден, валюталық индекстеу соңғы тұтынушыға, яғни металлургиялық кәсіпорындарға және экспорттық тауарларға әсер етеді. Барлық тараптың айтқанын тыңдап, бұл дұрыс емес шығар деген шешімге келдік. Индекстеу ештеңе бермейді. Егер доллардың бағамы 25%-дан аспаса, кез келген жағдайда стансада дефолт болады", – дейді ол.

Желтоқсан айында "Самұрық-Қазына Инвест" – "Бурное Солар" күн электр стансасының акционері жұмыс тобына Қазақстанда ЖЭК-ті қолдаудың баламалы әдісін ұсынды. Ол бірге орындалатын үш шарттан тұрады. Біріншісі – тіркелген тарифтердің мерзімін 15 жылдан 20 жылға созу. Екіншісі – ЖЭК электр стансаларын мүлік салығынан босату. Үшіншісі – 15-20 жылға жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын теңгелік қаржыландыруды беру.

"Елдегі жаңартылатын энергетика қауымдастығы бұл ұсынысты әзірге қолдаған жоқ. Осы үш шара кешені инвесторлар үшін тарифті тартымды етпек. Көптеген елде – Германия, Қытай, Бразилия, Жанпония, Дания және Швецияда тарифтер 20 жыл, одан да көп уақыт жұмыс істейді. "Жасыл" электр стансалары қымбат тұрады. Мысалы 50 мегаватт шамамен 100 млн доллар тұрады", – дейді Нұрлан Қапенов.

2014 жылы ЖЭК тарифтерін (теңгемен) бекіту барысында үкімет "тарифті инвестицияға айырбастау" қағидасын басшылыққа алғанын еске сала кеткіміз келеді. "Жасыл" энергетика құнының жоғары болуы инвесторлардың ақшасын 15 жыл ішінде қайтарып алуға мүмкіндік береді деп болжанған болатын.

Алайда теңгенің құнсызданып, 2015 жылдың тамыз айында еркін айналымға көшуі кәсіпкерлердің жоспарын өзгертіп, теңгелік тариф тиімсіз болып қалды. Сонымен бірге ЖЭК жобаларының көбісі қарыз ақшаны шетелдік валютамен алған еді.

Қазақстанның "жасыл" экономикаға көшу тұжырымдамасына сай елдегі электр энергиясын берудегі ЖЭК-тің жалпы үлесі 2020 жылға қарай 3%-ды, 2030 жылға қарай 10%-ды құрауы керек.

"Егер заңға (ЖЭК-ті қолдау бойынша) өзгеріс енгізілмейтін болса, дәл қазіргі жағдаймен 2020 жылы бұл көрсеткішке қол жеткізе алмаймыз", – дейді Samruk Kazyna – United Green топ-менеджері.

Сондай-ақ Нұрлан Қапенов Қазақстандағы ЖЭК-тің дамуы және "Бурное-Солар" стансасының жұмысы туралы сұрақтарға жауап берді.

"Жасыл" энергетиканың құны әлі күнге дейін ескі әдіспен қалыптасып отыр. Олар жыл сайынғы инфляцияның есебімен индекстелетін 2014 жылдың тарифін қолданып отыр. Тарифтер соңғы рет қазан айында қайта қаралған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың қыркүйегіндегі тұтыну бағасының индексі 2015 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 116,6% болған. Осылайша индекстеуден кейін тарифтер былайша қалыптасты. Жел электр стансалары – бір кВт сағат үшін 26,44 теңге, күн электр стансалары – бір кВт сағат үшін 420,35 теңге, шағын гидроэлектрстансалары – бір кВт сағат үшін 19,48 теңге. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Екібастұз 2-МАЭС электр энергиясының бір кВт сағатын 8,66 теңгеден сатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу