Мемлекеттің материалдық байлығы сыртқа жөнелтілетін қазба байлықтардан, экспортқа шығарылатын өнімдерден, бюджетке салық түсімінен, сырттан тартылатын инвестициялардан құралатыны белгілі. Ендеше мемлекеттің байлығына ешқандай нұқсан келтірілмеуіне сол мемлекеттің өзі, халық, түрлі құзырлы органдар мүдделі болуы керек шығар. Себебі мемлекеттің байлығы ел-жұрт үшін, әлем қауымдастығы алдындағы абырой-бедел үшін керек емес пе?
Өкінішке қарай елімізде мемлекеттің, халықтың игілігіне жармасып, оны кемітуге атсалысу үрдісі бұрыннан бар нәрсе. Мысалы, негізгі кіріс саналатын салық түсімінің өзінде кемшілік көп деп жатады. Жыл сайын бюджетке триллиондаған теңге түспей қалады екен. Оның үстіне қаржы жымқыру мен жемқорлықтың салдарынан жыл сайын қыруар ақша шет елдерге асырылып жатады.
Осындай себептермен мемлекеттің игілігінде болуы тиіс қаржы талан-тараж болғанының өзі еліміз үшін абырой емес. Егер байлыққа байлық қосылып жатса, мемлекеттің де жүзі жарқын болады. Қаржы керек болатын төтенше жағдай кезінде ақшаны еркін жұмсай алады.