Энергетика министрлігі бензин мен дизель отынын елден әкетуге қойылған тыйымды тағы бір жылға жуық мерзімге ұзартуды жоспарлап отыр. Тиісті құжат нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды. Онда сұйық отынды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де тасуға тыйым салынатыны жазылған. Егер құжат қабылданса, шектеу 2027 жылдың 22 мамырына дейін күшінде болады. Бұған дейін дәл осындай шектеу алты айға енгізілген болатын. Ол қараша айында аяқталуы тиіс еді. Алайда министрлік оның мерзімін ұзартуға мәжбүр болып отыр. Іргелес елдердегі тапшылық пен заңсыз тасымалдың артуы тыйымның мерзімін қайта қарауға негіз болды.