Сонымен қатар пандемия кезінде Қазақстанның қандай технологияларды дамыту керектігін де inbusiness.kz басылымының тілшісіне берген сұхбатында сөз етті.
Бір сарапшы "егер коронавирус 2010 немесе 2011 жылы пайда болса, цифрлық гуманитарийлер шұғыл шараға қолданар еді" деп айқан болатын. Бұл пікірмен келісесіз бе?
Менің ойымша, коронавирус пандемиясы бұрын-соңды болмаған жайт, сондықтан ешкім де әлемнің мұндай індетке қалай төтеп беретінін нақты айта алмас еді. Мен тек қазіргі жағдайды айта аламын. Коронавирусқа дейін экономикалық даму мен нарықтың инновациялық технологияларды енгізуі жоғары деңгейде болды, венчурлық инвестициялар да рекордтық көрсеткіштерге жетті. Пандемия басталысымен тұрақсыздық орнап, көптеген венчурлық қорлар өз белсенділіктерін тоқтатып, қазіргі портфолиоға назар аударып отыр. Осылардың барлығы да инновациялық технологияларға деген сұранысқа әсер етіп, бірқатар компаниялар бүгінгі ахуалға бейімделе бастады.
Қазір қандай технологиялар нарықта басымдыққа ие, қайсылары ығыса бастады?
Пандемия нарық пен силиконды алаңның жұмысын бәсеңдетті. Бір жағынан, көптеген компаниялар шығындарын қысқартып жатыр. Әсіресе IT-ға бөлінетін қаржы көлемі азайды. Екіншіден, ұйымдардағы технологиялар мен цифрландыру деңгейі олардың оперативті тиімділігі мен олардың негізгі мәселелерін шешу жолдарының қандай екенін көрсетті. Яғни көптеген ұйымдар індетке дайын болмады, өздерінің осал тұстарын біліп алды. Негізгі функцияларды оңтайландыру жағын тездетуге деген қажеттілік пайда болып, цифрландыру бағдарламасының тез жүзеге асуына әкеліп соқты. Бұрын бағдарламалар бірнеше жылға есептелген болса, қазір жағдай мүлдем өзгерді, енді бірнеше айға тіпті бірнеше аптаға бекітілетін болды.
Тағы бір жайтты айта кетейін, бизнес үшін маңызды деген мәселелерді шапшаң шешетін технологияларға деген сұраныс артты. Ал атауы мен ұраны дүркіреп тұрған, бірақ іс жүзінде тез арада ешқандай нәтиже бермейтін технологияларға деген сұраныс азайып жатыр. Коронавирус бүкіл әлемді өзгертті, халықтың сатып алу көрсеткіші мен табыс табу әдісіне әсер етті. Банктер, дүкендер, ойын-сауық, байланыс, білім беру салаларын індет іркілткенімен, екінші жағынан, оларға басқа да мүмкіндіктер сыйлады. Қазір көп ұйымдар орнаған құбылмалылыққа бейімделіп, тиімділігі мен технологияларын жетілдіріп жатыр. Енді олар келешекте пайда болатын қатерлер мен мүмкіндіктерге дайындалуы керек.
Пандемия кезінде Қазақстан қандай технологияларды дамытуы тиіс?
Еліміздің оперативті тиімділігіне тікелей әсер ететін технологияларға басымдық берілуі керек. Яғни икемділікті дамытып, тиімсіз шығындарды қысқартып, процестерді оңтайландыру қажет. Содан кейін жасырын қатерлерді анықтау үшін қолданылатын Data science-ке жеткілікті түрде назар аудару керек және операцияларды, нарықты, клиенттерді, контрагенттерді, серіктестерді, мердігерлерді тез кескіндеу икемділігін күшейту де маңызды. Жаңа жағдайларға орай әрекет етіп қана қоймай, трендтерді болжау керек. Мысалы, төлемдерді жүргізе алмай қалған клиенттердің төлем жүргізу қабілеттілігін болжау, алаяқтарды тез анықтау, ең бастысы, клиенттердің қажеттілігін алдын ала біліп отыру қажет деп есептеймін.
Сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет!
Жазып алған Табиғат Нұрболат
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін