Сарапшылар адам миына чип орнатудың қаупі жайлы айтты

Артур Мискарян Артур Мискарян
6740

Жаңа технологиялар өмірді қалай өзгертеді.

Сарапшылар адам миына чип орнатудың қаупі жайлы айтты

Мәскеуде өткен Kaspersky Geek Picnic фестивалі  аясында сарапшылар соңғы жылдары технологиялар қандай бағытта дамып келеді және адам миына чип орналастыру нендей қатерге әкелетіні туралы өз ойларымен бөлісті.

Лоуренс Краусс, астрофизик және космолог:

"Соңғы 20 жылда көптеген маңызды технологиялық өзгерістер дүниеге келді. Квант механикасы саласында ашылған жаңа мүмкіндіктер мен үшін маңызды жаңалық болды. Оның қолданылу аясы кең. Мысалға, гравитациялық толқындардың ашылуы физикадағы ең маңызды жаңалықтың біріне айналды. Бүгінде біз ғарыштың қара құрдымдарындағы гравитациялық толқындарды өлшей алатын деңгейге жеттік.

Егер фундаментальді физика туралы айтар болсақ, біз енді бір мың протон өлшемдерді басқара аламыз, мұндайды бұрын соңды көрмеген едік. Бұл зерттеулер практикада қажетсіз деген танылды. Бірақ квант механикасындағы жаңалықтардың арқасында жаңа материалдар жасалады,  осы мүмкіндіктерді жаңа технологиялар жасауға қалай пайдалануға болатынын ойлану керек.

Ең маңыздысы – квант компьютерлерін жасау мүмкіндігі. Егер олар практикада  пайдаланылса, бәрі, тіпті қазіргі кездегі бизнес жүргізу үлгісіне дейін өзгереді! Квант компьютерлерінің көмегімен сіздің  АҚШ-тың несиелік картаңызды қорғау үшін қолданатын кодтарын ашуға болатынына еш күмәнім жоқ. Жақсысы квант компьютерлерінің көмегімен сіз жұмыста жіберілген қателерді тезірек анықтай аласыз. Сондықтан квант технологиялары практикалық тұрғыдан пайдаланылуы әбден мүмкін.

Технологиялар қарыштап дамып келе жатқаны сонша, мүмкін еместің көбі іске асырылып жатыр. Болашақ туралы сөз қозғағанымда, келешекке болжам жасағым келмейді. Бар болғаны 20 жылдан кейін жаһанда не боларын дөп басып айту қиын.  Өткен ғасырдың 50- жылдарында осы күні ұшатын автокөлікпен жүріп, адам ойының күшімен қарым-қатынас жасаймыз деп айтқан болатын.  Ендігі 15-20 жылдан кейін қазіргі кезде ойлап табылмаған технологиялармен жұмыс істейміз деп ойлаймын.

"Касперский зертханасының" вице-президенті Антон Шингарев:

"Технологиялық компанияның өкілі ретінде айтарым, соңғы жиырма жылда әлем қиберқауіпсіздік тұрғысынан адам танымастай өзгерді. Жиырма жыл бұрын бұл шағын ғана әуесқойлар айналысқан іс болатын: вирустарды зерттеуге қызығушылық танытқан азғантай адамнан құралған топ. Ал қазір, 2017 жылы, киберқауіпсіздік – әлем алдындағы күн тәртібінде тұрған, президенттердің талқылауы мен халықаралық келісімдер деңгейінде қаралып жүрген басты мәселелердің бірі.

Қарапайым, көпшілікті қызықтырмаған тақырып әлемде болып жатқан көптеген үрдістерді шешетін негізгі мәселеге айналды. Оның жақсы да, жаман да жағы бар. Неліктен жаман екені түсінікті – бұл тұрақсыздыққа жол ашып, әлемдік қауіпсіздікке зиян келтіреді. Ал жақсы жағы біздің технологиялармен қоршалғанымызда. Бұл қауіпсіз әрі ыңғайлы.

Осыдан бес жыл бұрын қонақүйге такси шақырту үшін төменгі қабатқа түсіп, такси шақырып беруін сұрау керек болатын, оны біраз уақыт күтіп, сұраған ақысы жөнінде дауласып, қолма-қол ақша іздеп әуре-сарсаңға түсетін едік. Ал қазір мұның бәрін қолыңыздағы телефон арқылы жасауға болады. Бұл технологиялар біздің өмірімізді өзгертіп жатқанын түсіндіретін қарапайым мысал ғана.

Жан-Кристоф Бони, футуролог:

"Менің жұмысым – технологиялық дамудың салдарын түсінуге тырысу. Технологиялар біздің өмірімізге қаншалықты ықпал ететінін түсіну өте маңызды,  ал бұл ықпал ертең қалайша көрініс береді.

Өмірімізді өзгерткен негізгі технологиялар жайлы сөз қозғасақ, кітап басу туралы Гутенбергтің тұжырымдамасы еске түседі. Себебі кітапты арнайы жабдық арқылы басу арқылы біз өмірді өзгерттік. Біз ойлау жүйесін өзгерте алдық, себебі басып отырып жадымызға сақтау оңайырық болды.

Осыдан 10 жыл бұрын Стив Джобс нарыққа iPhone-ды шығарды, онда асып бара жатқан жаңалық болған жоқ. Алайда Джобс цифрландыру нені білдіретінін білді: өзге тілде қалай екенін білмеймін, бірақ ағылшын және француз тілінде сан мен саусақ бірдей аталады. Нәтижесінде кез келген қосымшаны ашу үшін бір саусағыңыз ғана керек. А пунктінен Б пунктіне дейін жету үшін көлік керек болса, Uber бар. Ұйықтайтын жеріңіз болу үшін міндетті түрде үй немесе пәтер алу қажет емес, қазір booking.com немесе Airbnb бар. Осыған орай цифрландырудың мәні мынада, сіз көп жұмысты бір саусағыңыздың көмегімен ғана жасайсыз.

Адамзат болашағы адам мен технологияның қосындысымен байланысты болады. Жалпы біз соған келе жатырмыз. Технология дамығанда қоғам аамгершілікке, өз болмысына оралуға тырысады. Технологиялық мүмкіндіктер болса да қолымыздан келмейтін істер бар, соны нақты белгілеп алу керек. Мысалға, оған әлеуметтік, этикалық немесе экологиялық себептер жол бермейді. Сондықтан біз технологиялық дамудың қандай салдары бар екенін түсініп алуымыз керек.

Найджел Акланд, ең жетілген қол протезінің иегері:

"Бұрын фабрикада жұмыс істедім, қазір зейнеттемін. Мен кезекшілігімді аяқтап, үйіме қайтатынмын. Технологиялар туралы ойлайтыным: "Ал жаңа теледидар ойлап тауыпты – одан не өзгерді? Бұл маған ешқалай әсер етпейді".  Өзім осымен бетпе-бет келмегенше, осылай ойлап жүрдім (протезін көрсетті – автордың ескертп.). Бұл бәрін өзгертті.

Протез жасау технологияларында бір проблема бар сияқты: протез жасау индустриясы лайықты қолдау көріп отырған жоқ.  Протез жасау индустриясы деген не? Бұл – бұрынғы заманнан бері жұмыс істеп келе жатқан ескі фабрикалар, ескі ережелер мен регламенттер. Олар өз мүдделерін өзі қорғайды, қиындықтары мен қажеттіліктерін ешкімге айтпайды, бар болғаны ақша тапқысы келеді.

Ал цифрлы технологияларға келсек – "бас сүйекті тесіп, оған чип орнату керек". Біз асыра сілтеп жібердік деп ойламайсыз ба? Егер сіз адамды басқара алатын болсаңыз не істер едіңіз? Ойлап көріңізші, бір оқушы көңіл көтергісі келіп менің миыма қосылды делік, мен кенеттен өз шешемді ұра бастасам не болады? Бұл жағдайда мен не істей аламын? Ештеңе. Қолымыздан келетін және істегіміз келетін істің арасында шекара бар. Біз осы шекараны байқай бермейміз, одан аспау керек. Жануарлар әлемінде сіз белгілі бір шекарадан ассаңыз, жыртқыш аңға жем боласыз. Цифрлық әлемге де осындай бір шектеу қою керек.

Қазір 10 млн-нан астам адам қол-аяқсыз отыр, себебі протез сатып алатын қаражаты жоқ. Технологиялар қарыштап дамып кеткенін ескерсек, осы әділетті бола ма? Мүгедектің протез сатып алуына кедергі болатын бір-ақ нәрсе бар – өндірушінің ашкөздігі. Сіз қол-аяғыңыздан айрылсаңыз, даусыңыздан да айрыласыз – сіздің сөзіңізге ешкім құлақ аспайды, сізді ешкім елемейді.Соңғы 10 жылда түсінгенім, менің миым біреуден артық та, кем де емес, мен мүгедек емеспін, тек қолым ғана жоқ, осыны түсіну керек. Сіз мүгедектер арбасында отырсаңыз да өзіңізді қоршаған адамдардан анағұрлым ақылды болуыңыз мүмкін. Біз бір-бірімізге деген құрметті жоғалпауға тиіспіз және технологиялар сол үшін қызмет етуі керек.

Әйгерім Сүлейменова, Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу