Сот шешімдерін іздеу және болжау бойынша жасанды интеллектті енгізуді "Атамекен" ҰКП мен ҚР Жоғарғы соты бірлесе отырып жүзеге асыра бастады. Бұл туралы кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов Алматы қаласында өтіп жатқан қазақстандық заң форумы барысында мәлімдеді. Жобаны Қазақстан-Британ техникалық университетінің мамандары Назарбаев университетінің Жасанды интеллект зертханасының қызметкерлерімен бірге жасауда. Мамандар сот шешімін шығарудағы жасанды зияткерлікті АҚШ-тың (IBM Watson, Legal Aid), Францияның (Soft Law), Ресейдің (РосПравосудие, КонсультантПлюс) қолданыстағы жүйелерінің тәжірибесі негізінде әзірлеуде.
"Жасанды интеллект жүйесі кәсіпкерлерге сот актілерін іздеуге және сот істерінің шешімін болжауға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру соттардың жүктемесін азайтады. Сонымен қатар, сот актілерінің ашықтығын, сот тәжірбиесінің біркелкі болуын және прецеденттік құқықты енгізуді қамтамасыз етеді. Тағы бір артықшылығы – бұл сот барысында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал етеді", – дейді Рустам Жүрсінов.
Оның айтуынша, жасанды интеллект жүйесіне 2 млн сот актісі жүктеліп, арнайы сұрыптау нәтижесінде оның 1 200 000-і сақталған. Сонымен қатар, одан бөлек 100 000 талап-арыз жүктелген. Жүйе барлық сот инстанциялары бойынша істің "өмірлік циклін" қадағалауға, сот шешімдерін шығару кезінде қателіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, талапкердің шағымы бойынша сот шешімін жасанды интеллект алгоритмдерінің көмегімен болжауға болады. Жобаның аяқталуы 2020 жылдың басына жоспарлануда. Бастапқыда сынақ режимінде жұмыс істей бастайтын жүйе соттарға жылдың екінші жартысында жабық түрде пайдалануға берілмек.
"Бастапқыда сынақ режимінде алгоритмнің жұмысын бақылап көру керек. Кейін барлығы сәтті жұмыс істей бастаған соң көпшілікке ұсынамыз. Жобаның ең құнды тұстарының бірі – соттардың жүктемелерін 70%-ға жеңілдетеді. Бұрынғы шығарылған шешімдерді сұрыптаған жасанды интеллект жүйесі бірден негізгі актілерді шығарып береді",– дейді кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.
Ескерте кететіні, қазақстандық заң форумы биыл тоғызыншы рет өтуде. Іс-шараға ҚР Жоғарғы сотының 300-ден астам спикерлер мен сарапшылары, ҚР парламентінің және салалық министрліктердің, "Атамекен" ҚР ҰКП-ның және құқық саласында көшбасшы 100 компания өкілдері қатысады. Форумның бірінші күні қатарынан 5 секция бойынша бизнес-құқық, интеллектуалды-құқық және LegalTech, медицина және фармацевтика, ритейл және FMCG, жастар форумы өтеді.