30 жылда 30 ауыз сөз үйрете алмадық – сенатор қазақ тілі мәселесі жайлы

1576

Сенатор Алтынбек Нухұлы әлеуметтік зерттеулер бойынша елдегі халықтың 53 пайызы ғана қазақша еркін сөйлеп, жаза алатынын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

30 жылда 30 ауыз сөз үйрете алмадық – сенатор қазақ тілі мәселесі жайлы

Сенат отырысында сөйлеген депутаттың айтуынша биыл Тіл комитеті Мәдениет және спорт министрлігінен Білім және ғылым министрлігіне ауысқан. Осы комитетке бөлінген қаржы көлемі 2020 жылы 719 млн болса, 2021 жылы 35 пайызға азайған. 

"Бұл тіл мәселесінің өзектілігіне сай деп айта алмаймыз. "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде" дегенмен проблемалық мәселелер шаш етектен. Ал енді қалғаны 30 жылда 30 ауыз сөз үйренбесе, тіпті ниеттенбесе оған кім кінәлі?" - дейді ол.

Алтынбек Нухұлы қазақ халқы қазір Құнанбай заманындағы құнарлы тілден айрылудың алдында тұрғанын айтып, дабыл қақты. Оның пайымдауынша, Абайдың тілінен ада, Мұхтардың тілінен мақрұм болу қаупі бар. 

"Бүгінгі күні қазақ халқы саны жағынан өсті, 80 пайызға бет алды. Соған сәйкес еліміздің әр азаматы қайда барса да алдынан қазақ тіліне деген қажеттілік шығуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілін еліміздегі қарым-қатынас тіліне айналдырамыз", - дейді ол.

Сенатор өз сөзінде қазіргі балаларды смартфон, әлеуметтік желілер қатты әсер етіп, тәрбиелеп жатқанын еске салды. Ана тілін үйренбек түгілі жөргектегі балалардың тілі басқа тілде шыға бастаған. Бұл – ұлт қауіпсіздігі үшін аса қауіпті.

"Мемлекеттік тіл мәселесі - жас ұрпақты болашақта зияткер ғана емес, мәдениеті жоғары, бәсекелестікке қабілетті, Отанымыздың патриоты болу жолында аса маңызды. Ендеше, қажетті қаржы осы салаларға бөлінуі керек", - деді ол.

Аян Бекенұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу