60 жастағы әйелдер зейнетақыдан қағылады

8427

Әйелдердің зейнетке шығу мерзімі жаңылтпашқа айналып кетті. Олардың зейнетке шығу жасы жыл сайын алты айдан ұзартылып отыратын жүйе енгізілген. Соның салдарынан әйелдер уақыттан жаңылатын болды.

60 жастағы әйелдер зейнетақыдан қағылады

1961 жылдың екінші жартысында туған әйелдер алпысқа толып жатыр. Бұл жасқа келгендер 2021 жылдың соңына дейін құжаттарын өткізіп, зейнетақысын рәсімдеп үлгеруі керек. Үлгермеген жағдайда 2022 жылдың 1 қаңтарынан кейін зейнетақыға ілікпей, тағы жүріп қалатын болды. Биыл рәсімдемегендермен келесі жылы ешкімнің жұмысы болмайды. Сонда олар зейнеткерлік өмірінің біраз уақытын бостан босқа жоғалтқалы отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жайтты айтып хабар таратты. Министрлік кім де кім 2021 жылдың соңына дейін құжаттарын түгелдеп өткізбесе көштен қалатынын айтып, жылдам қимылдауға үндеп бақты.

1961 жылдың екінші жартысында дүниеге келген мыңдаған әйелдің осылайша әбігерге түсіп жатқан жайы бар. Мұндай жағдайға әйелдер жыл сайын тап болып жүрген болса керек.

Мұндай жайсыздық 2013 жылы қабылданған "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" заңымен байланысты. Заңның 11 бабында әйелдердің зейнетақы жасы 2027 жылға дейін жылма-жыл 6 айға ұлғайтылып отыратыны көрсетілген.

2021 жылы әйелдердің зейнетке шығуы 60 жасты құрады. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың зейнетке шығу жасы 60 жас 6 айға ұлғаяды. 2021 жылдың екінші жартысында 60 жасқа толған әйелдер енді бір үш аптаның ішінде құжаттарын өткізіп үлгермесе алдағы шілде айына дейін зейнетақы ала алмайды. Жарты жылы босқа өтеді.  

Зейнетке шығу үшін жеке куәлік немесе төлқұжат, кіріс сомасы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысы туралы анықтама, еңбек өтілі мен білімін растайтын құжат, егер бар болса әскери билет, балаларының туу туралы куәлігі деген сияқты бірталай құжат керек болады екен. Жеке куәліктен басқа құжаттары болмаған жағдайда зейнетақы сомасы аз шығуы мүмкін.

Мыңдаған әйел зейнетақыға шығуға биыл үлгере алмауы мүмкін. Себебі өтініш берілген күнде ол 10 жұмыс күнінің барысында қаралады. Ал одан кешіксе жыл да бітіп қалады.  

Әлемнің көптеген елдерінің зейнетақы жүйесінде қиындық деген нәрсе жоқ. Тіпті ондағы зейнетақының мөлшері де адам қызығарлықтай.

АҚШ-та еш жерде жұмыс істемеген және мемлекетке салық төлемеген адамдар да зейнет жасына жеткенде айына 300 доллар алады. Ал жұмыс істеп зейнеткерлікке шыққандардың алатыны бірнеше мың доллар. Скандинавияда мен Финляндияда ең төменгі зейнетақы 550 еуроның шамасында. Германияда бір айдың зейнетақысы автокөлік сатып алуға немесе курортта демалуға жетеді. Испанияда зейнетақы сомасы 700-900 евро. Данияда кемінде 40 жыл өмір сүрген және жұмыс істеген адам айына орта есеппен 2 800 доллар зейнетақы алады. Мексикада зейнеткерлер 2 200 доллар шамасында алады. Швейцарияда орташа зейнетақы мөлшері 1 900 доллар, Францияда 1 000 доллар. Осылай кете береді. Дамыған елдердің зейнетақы жүйесі жақсы жұмыс істесе керек. Оған жеткен де бар, жетпеген де бар.

Қазақстанда зейнетақы тағайындау және төлеу тәртібі "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңында  айқындалған. Біздің зейнетақы жүйеміз үш деңгейден тұрады. Біріншісі, бюджеттен төленетін базалық және жасына байланысты ортақ зейнетақы. Одан кейінгілері – міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі және ерікті зейнетақы жарналары. Осының біріншісі, яғни базалық және жасына қарай ортақ зейнетақы біртіндеп азаяды. Ал 2040 жылға қарай мүлде жойылады. Өйткені ортақ зейнетақыны алу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі кемінде 6 ай болуы керек.

Әйелдер өздерінің зейнеткерлікке шығатын мезгілін алдын-ала есептеп, уақытты құнттап жүрмесе қиын-ақ. Құжаттарын кешіктірмей өткізбесе жарты жылға ақшадан құралақан қалатын болып отыр. 

Нағашыбек Алдан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу