Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров айтты.
1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне түзетулер заңды күшіне енді.
"Жәбірленушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгеннен кейін агрессорларға өтініш жазудан бас тартады. Көбінесе полиция кеткеннен кейін отбасындағы жанжал әрі қарай ушығып, кейде бұл ауыр зардаптарға әкеліп соғады. Осыған байланысты енді, тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түскен кезде, оқиға орнында полицейлер барып, оқиғаға құқықтық баға береді", – деп хабарлады ІІМ өкілі.
Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен полицейлердің өздерінің бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті. Соңғы шешімді сот қабылдайды.
"Мысалы, әйел отбасылық жанжал бойынша қоңырау шалды. Полиция келгеннен кейін шиеленіс шешіліп, дебошир өзінің заңсыз әрекетін тоқтата қояды. Өз кезегінде, әйел өтініш жазудан бас тартады, бірақ өзіне қатысты құқық бұзушылық жасалғанын түсіндіріп айтады. Оның айғақтарына сүйене отырып, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары қабылданатын болады (ӘҚБтК 785-бабы). Олар: барлық айғақтарды қарап тексеру, бөлімшеге жеткізу, әкімшілік ұстау, медициналық куәландыру және тағы басқалар", – деп атап өтті спикер.
Жалпы, заң күшіне енгелі екі күн ішінде (2023 жылдың 1 шілдесінен бастап) полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 637 хабарлама келіп түсті.
200 факт бойынша тұрмыстық жанжал оқиғасы расталмады.
Осылайша, егер бұрын өтініштердің 60% нарядқа есептен шығарылған болса, бүгінде бұл 30%.