Ақмолада көктемгі су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алу шаралары жүргізілуде

999

Ақмола облысында көктемгі су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алу бойынша дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмылдырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.  

Ақмолада көктемгі су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алу шаралары жүргізілуде

Өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биылғы көктемгі су тасқыны қатерінің алдын алу жұмыстары өткен жылы жазда басталды.

"Өңірлердің әкімдіктері 43 елді мекенде ұзындығы 47,1 шақырым су бұру арналарын орнату, 5,2 шақырым топырақ үйілген бөгеттерді нығайту, 4,8 шақырым топырақтан бөгеттер салу, 24,4 шақырым өзен арналарын тазарту, 50 су өткізу құрылыстарын орнату және жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жақында 10 ауданда мұзды қопсыту және жару жұмыстары басталады", - деді ведомство басшысының орынбасары Қанат Доспаев.

Су басу қаупі жоғары аймақтар саналатын Аршалы ауданында 9 елді мекенде су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілді. Елді мекендерді инженерлік қорғау іс-шараларының жоспарына сәйкес, Есіл өзені арнасының бойында орналасқан Жібек жолы және Түрген ауылдарындағы тұрғын үйлердің аулаларына топырақтан бөгеттер тұрғызу, жыраларды, су өткізу құрылыстары мен өзен арналарын өсімдіктерден тазарту жұмыстары жүргізіледі.

Ауданда су тасқынының алдын алуда еріктілермен белсенді көмек көрсетіледі, олар аула аралауларында тақырыптық жадынамалар таратады, азаматтардың тұруын және ықтимал эвакуациялық іс-шараларды өткізу үшін қолда бар үй жануарларының санын нақтылайды. Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары Целиноград және Астрахан аудандарында да жүргізілуде.

Жалпы, қазіргі кезде Ақмола облысындағы елді мекендерден барлығы 443,3 мың текше метрден астам қар күрелді, сондай-ақ, 11,6 мың тонна инертті материал, 87,2 мың қаптар дайындалды, 1 мыңнан астам арнайы техника толық дайындыққа келтірілді.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу