Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың айтуынша 2018 жылы тұтастай алғанда 30 км-ге жуық жол жөнделініп, көпірлер мен жол үстіндегі жаяу жүргіншілер жолдары салынады, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
"Жұмыс көлемінің үлкендігін, сондай-ақ, объектілердің күрделілігін ескере отырып, барлық жұмыстар әдеттегі мерзімдерден ерте басталды. Текника көптеген объектілерге сәуірдің аяғы мен мамырдың басында шығарылды. 8 мердігерлік ұйым тартылды", - деді Ілияс Испанов.
Облыс орталығында Тургенев көшесін Ғ.Жұбанова көшесімен қосатын автожолды қайта жарақтандыру жалғастырылуда. Жобада 5 ықшам аудандағы жол өтпесі астынан туннель орнатып, осы аудандағы автокөлік қозғалысын ұйымдастыруға өзгерістер енгізу қарастырылған. Жалпы алғанда, 5,7 км автожолды қайта жарақтандыру жоспарлануда.
3 жол үстіндегі жаяу жүргіншілер жолдарын салу жұмыстары да басталып кетті. Одан басқа, жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізілуде, олардың көмегімен қаланың көше-жол желісіндегі көлік ағыны мен бағдаршам нысандарын реттеу мүмкіндігі пайда болады. Қазіргі уақытта жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесіне 87 бағдаршам нысандарының 65-і немесе 75%-ы қосылды.
Ілияс Испанов онлайн тәртібінде жол-көлік қозғалысы бұзушылықтарын тіркеуге мүмкіндік беретін, автокөлік ағынын және тұтастай алғанда, қаланың қауіпсіздігін бақылауды іске асыратын "Смарт сити" бейне бақылау жүйесін орнату жоспарларымен де бөлісті.