Ақтөбеде лаңкестік шабуылға қатысқандардың бірде-біреуі тұрғылықты тіркеуде болмаған

1257

Ақтөбеде лаңкестік шабуылға қатысқандардың бірде-біреуі тұрғылықты тіркеуде болмаған

Уақытша тіркеуге қатысты тұрғындар арасында сұрақ көп. Ақтөбедегі халыққа қызмет көрсету орталығына келушілердің саны артқан. 

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басшысының орынбасары  Нұрболат Хайруллиннің айтуынша, облыста 7-қаңтардан бастап 741 адам уақытша тіркеуден өткен. 2072 адам тұрғылықты мекенжайы бойынша тікелген. Алайда айыппұл салынып жатқан жоқ. Тұрғындар тарапынан да айтарлықтай мәселе туындамапты. Облыста жағдай бірқалыпты.  Басқарманың есебі бойынша қазіргі күні саяжайларда отыз мыңдай адам тұрады. Олардың тіркеліп немесе тіркелмегені тексеріліп жатыр.

"Қазан, қараша айларында  біз бұл жұмысты  бастадық. Қазір  қолда бар ақпарат бойынша тек 4 мыңға жуық  адамның тұрғылықты мекенжайы анықталмай тұр. Бірақ бұл жұмыс жалғасып жатыр. Тіркеу жұмысы  азаматтардың еркін жүріп-тұру құқығын ешқандай шектемейді.  Бұл халықаралық практикада бар нәрсе. Жүргізіліп жатқан жұмыс құқықбұзушылықты болдырмауға, ішкі миграцияны бақылауға мүмкіндік береді", — деді Нұрболат Хайруллин.

Уақытша тіркеуге тұрушыларды қабылдау үшін Ақтөбе қаласындағы  халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс кестесін уақытша өзгертті. Қаладағы 17 орталықта жұмыс уақыты бұрынғыдан бір сағатқа ерте басталады. Қызметкерлер түскі үзіліссіз кешкі сағат 20-00-ге дейін жұмыс істейді. Осы уақыттар аралығында келушілер тіркелуі керек.  Сондай-ақ көші-қол полициясы қызметкерлеріне келушілер кезекте ұзақ тұрып қалмасы үшін қосымша жұмыс орындары бөлінген. Қандайда бір сұрақтар туындаған жағдайда  кеңес берушілер көмекке келеді. Бұдан бөлек анықтама бөлімінің қызметкерлері жөн сілтеп,  бланктерді қалай толтыру керектігін түсіндіреді. Халыққа қызметкөрсету орталығы директорының орынбасары Самал Нұғыманованың айтуынша, уақытша тіркеуге немесе басқа да анықтама алуға келгендер дәмханадан ыстық шәй ішіп, бойларын сергітулеріне болады. Және бұның барлығы — тегін.

"Тіркеу ішкі көші-қон процестерін қадағалау, жалпы лаңкестіктің алдын алу және мониторинг мақсатында да жүзеге асырылады. Ақтөбеде жаз айында орын алған лаңкестікке қатысқандардың барлығы  ешқандай тұрғылықты тіркеуде болмаған",— деді көші-қон полициясы басшысының  орынбасары.

Сонымен қатар  енді баспанада тұрғылықты тіркелмеген азаматтар тұрған жағдайда, үй иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал тіркеусіз тұру мерзімі 3 айдан 1 айға қысқартылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу