Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы кітап шықты

1697

Бұл – көптомдық жинақтың бірінші томы.

Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы кітап шықты

Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мұрағатта сақталып қалған алты жарым мыңға жуық істі зерттеген. Қазіргі күні "Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы" атты көптомды кітаптың бірінші томы жарық көрді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Аталған комиссияның жылдық қорытынды есебінен белгілі болғандай, ондағы тоғыз жұмыс тобының құрамында ғалым, сарапшы, мұражай мен мұрағат қызметкерлері, қоғамдық қайраткерлерден тұратын қырыққа жуық адам жұмыс істейді. Бүгінде мұрағатта сақталған 6 333 іс зерттелген. Оның ішінде 617 іс бойынша айыпталушылардың ақтауға жатпайтыны анықталып, 1 875 адамды ақтау туралы ұсыныс қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға  жіберілген.

Бұдан бөлек, діни қызметкерлерді қудалау және діни мекемелерді күштеп жабу, мүлкін тәркілеу деректері анықталып, тергелуде екен. Комиссия мүшелері қолдағы деректер бойынша Ырғыз, Байғанин, Темір және Ойыл аудандарында ғылыми экспедицияларда болған.

"Біз 30 жылдардағы қуғын-сүргінді қазір екі бағытта зерттеп жатырмыз. Оның біріншісінде белгілі бір қуғын-сүргінге ұшыраған әлеуметтік топтар, екіншісінде жеке адамдар зерттеледі", – дейді ғалым Амангелді Айталы.

Белгілі болғандай, комиссия жұмысының нәтижесінде Ақтөбе облысынан ашаршылық құрбандары жерленген 15 орын табылыпты. Сонымен қатар қуғын-сүргін құрбандары жерленген орындар да анықталуда. Оларды анықтауда архив құжаттарынан бөлек, қариялардың естеліктері, көптің аузында жүрген әңгімелер де есепке алынып, зерттелген. 

Сондай-ақ келешекте жергілікті мұрағаттардан бөлек, шетелдік мұрағаттар қорындағы құжаттарды да зерттеу қажеттігі туындап отыр. Себебі қазірдің өзінде кей тұлғалардың ұрпақтары шетелдерден табылуда. Шетел ауып кеткен қазақтардан да осы өңірге келіп, ата-бабаларының деректерін тауып алып кеткен жағдайлар бар. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу