11 қараша күні Ақтөбе жұртын "жарылғыш зат бар" деп телефон шалған белгісіз біреудің хабары дүрліктірді. Полиция, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем, арнайы қызмет өкілдері бірден аумақты қоршап, қалалық электр жүйесінің апаттық-диспетчерлік қызметі ғимаратын тексеріп шықты. Ешқандай күдікті зат табылмай, "телефон лаңкесін" іздеу нәтижесінде 68 жастағы қала тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Baq.kz.
"Жедел іздестіру шарасы нәтижесінде облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері 68 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол "қаладағы Тамды көшесінде орналасқан электр жүйесінің апаттық-диспетчерлік қызметі ғимаратында жарылғыш зат бар" деп жалған ақпарат берген. Қазіргі уақытта күдікті уақытша тергеу изоляторында отыр. Ол Қылмыстық кодекстің "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама" бабы бойынша жауап береді", – деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, зейнеткер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, мемлекетке келтірілген шығынды да толық өтейді.
Еске салсақ, 11 қараша күні жергілікті сағат 9:36 белгісіз біреу қалалық электр жүйесінің апаттық-диспетчерлік қызметі ғимаратында жарылғыш зат бар деп ақпарат берді. Оқиға кезінде мекеме жұмысшылары түгел сыртқа шығарылып, қаладағы Интернациональная және Тамды көшелерінің қозғалысындағы көлік қозғалысы шектелді. Аумақ қоршауға алынып, қатаң күзетілді. Оқиға орнына жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер департаменттерінің қызметкерлері жетті.