"Ақтөбе-Орынбор" тас жолында жол-көлік оқиғасы орын алып, оқиға орнында үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Ақтөбе-Орынбор" тас жолының 89 шақырымында "Лада-21705" көлігінің жүргізушісі – 35 жастағы әйел рөлге ие бола алмай, темір жол қоршауына соғылып, екпінмен қарама-қарсы жолақтан асып барып, аударылған.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан көлік жүргізушісі мен екі жолаушы (30 жастағы ер адам мен 35 жастағы әйел) алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Сот-медициналық және автотехникалық сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды",– деп жазылған хабарламада.
Айта кетсек, жыл басынан бері облыста 235 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 44 адам қаза тауып, 320 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған.