Ақылбек Күрішбаев: Таразының басында балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұр

901

Нұр-Сұлтан қаласының мектептері мен университеттерінде жұмыс істейтін күзетшілер ай сайын 70-100 мың теңге шамасында айлық алады.

Ақылбек Күрішбаев: Таразының басында балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұр

Мұндай жалақыға зейнеткерлер немесе зейнет жасына жақындаған адамдар ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сенатор Ақылбек Күрішбаевтың Ішкі істер министрі мен Білім және ғылым министріне жолдаған депутаттық сауалына сілтеме жасап. 

"Тәртіп сақшыларының мұндай жалақысымен білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Олар рациямен, құқықбұзушыларды ұстауға арналған арнайы құралдармен де қамтамасыз етілмеген. Бірқатар жоғары оқу орындарының күзет қызметі университеттің штаттық қызметкерлеріне, яғни вахтерларға, бақылаушыларға жүктелген. Бірақ олардың лицензиясы жоқ. Олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес күзет қызметін атқара алмайды", – деді депутат. 

Ақылбек Күрішбаевтың сөзінше, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шарасына атүсті қарауға болмайды. 

"Таразының басында балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұр. Уәкілетті мемлекеттік органдарға осы саладағы істердің нақты жағдайына сыни талдау жүргізуді және күзет қызметіне қойылатын талапты күшейтуді, жұмысқа кәсіби кадрларды тарту және заманауи цифрлық технологияларды, оның ішінде бейнемониторинг пен бейнеталдауды пайдалану арқылы еліміздің білім беру нысандарында қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта қарауды ұсынамын" – деді депутат. 

Ол сенаторларды білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қатты алаңдататынын айтты. 

"Жуырда Пермь мен Қазандағы болған қайғылы оқиғалар білім беру мекемелерін қорғауға ерекше назар аудару қажеттігін көрсетті. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда бізде де кемшілік көп. Қазақстан Республикасы "Күзет қызметі туралы" заңның 5-бабына сәйкес, күзет қызметін тек тиісті лицензиясы бар заңды тұлғалар көрсете алады. Білім беру мекемелерін күзету үшін мұндай компаниялар конкурстық негізде таңдалады. Конкурста төмен баға ұсынған тарап жеңіске жетеді. Төмен баға қойып жеңген күзет компаниясы өз ұпайын жібермеу үшін қарамағындағы күзет қызметкерлерінің жалақысы мен шығындарынан үнемдейді", – деді Ақылбек Күрішбаев. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу