Алдағы уақытта "Аюдың" еті нарыққа шығады

1700

 Алдағы уақытта "Аюдың" еті нарыққа шығады

Ұсақ шаруа қожалықтары кооперативтерге біріккен кезде ғана үлкен нәтижеге қол жеткізе алады. Оған нақты мысалды біз Зайсан ауданынан таптық. Мұндағы "Аю" атты кооперативте қазіргі кезде 25 адам еңбек етуде. Бұл бірлестік өткен жылдың мамырында құрылған болатын. Оның құрамына "Бекарыс", "Жиде", "Досым", "Есенғұл" және "Еңсе" қожалықтары енген, деп хабарлайды altaynews.kz.

"Қаратал ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары және жеке тұлғалар біріккен "Аю" кооперативі Жіңішкесу елді мекенінде қора салып, шетел инвесторларымен бірлесіп үш мың басқа арналған мал бордақылау алаңын, консервіленген ет өнімдерін, тері илейтін, сүйек ұнын шығаратын цехтарды салуды жоспарлауда. Облыс әкімінің тапсырмасына орай кооператив сүт қабылдау пунктін ашуға, әрі тауарлы сүт ферма құруға симменталь тұқымды 30 бас аналық асыл тұқымды мал сатып алды", – дейді аудандық әкімдік мамандары.

Бүгінгі таңда "Аюдың" меншігінде 540 гектар егіндік, 400 гектар шабындық, 3080 гектар жайылым бар. 212 бас сиыр, 350 бас қой-ешкі, 50 бас жылқы өсіріледі. Техникадан алты дөңгелекті трактор, үш шөпшапқыш, екі "ГАЗ-53", бір "ЗиЛ-157" жүк көлігі, алты тіркеме жұмыс істеп тұр.

Кооперативтің алға қойып отырған мақсаты зор. Олар қазіргі кезде болгариялық "МАК" компаниясынан инвестиция күтіп отыр. Қомақты қаржы түскен соң, алдымен асыл тұқымды сиырлар сатып алынады. Олар үшін 10-15 күнде құрастырылатын арнайы қора-жайлар салынады. Жоспар бойынша сиырдың 200-і сүтті, 800-і етті бағытта болмақ. Шаруашылық толық қуатына жеткенде күніне 6-8 тонна сүт сауылатын болады. Өнім осы жерде өңделеді. Кішігірім сүт зауытында сауылған сүттен айран, ірімшік, қаймақ, сарымай, балмұздақ сынды өнімдер шығарылатын болады. Ал ең басты өнім – құрғақ сүт болмақ. Сүттің 60 пайызы осы өнім жасауға пайдаланылады. Оның себебі, қаражат құйғалы отырған халықаралық инвестициялық компания аталмыш өнімді осы кооперативтен сатып алмақ. Өйткені, бұл жердің табиғаты таза, шөбі шүйгін, демек сүттің де құрамы сапалы, денсаулыққа пайдалы. Осыны ескерген еуропалық инвестор қаржысын осы өңірге жұмсауды шешкен.

Жемшөп үшін биыл 100 гектар аумаққа соя, 120 гектар аумаққа жоңышқа, 50 гектарға бидай, 50 гектарға арпа, 15 гектарға сүрлемге арналған жүгері егілген. Қазір шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Шамамен бір мың тонна шөп әзірленген. Жоспарланғаны – үш мың тонна. Келесі аптада 50 гектардан арпа-бидай орыла бастайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу