Алматы әкімдігінің мәліметінше, реконструкциялау жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, қала басшылығы құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымды анықтау үшін байқау жариялады.
Алматының құрылыс басқармасы бұл жобаға неліктен 21,7 млрд теңге бөлінгенін түсіндірді. Басқарма жауабына сәйкес, театр ғимараты 1980-жылдары салынған және содан бері оған ешқашан күрделі жөндеу жүргізілмеген.
"Театр ұжымы ғимараттың мүшкіл жағдайына қоғамның назарын бірнеше рет аударған. Қала әкіміне жүгінгеннен кейін ол мегаполис үшін маңызы зор нысанды реконструкциялауға тапсырма берді. Техникалық зерттеу барысында жабдықтардың, инженерлік желілердің, шатырдың, қасбет тақталарының және ішкі әрлеу жұмыстарының едәуір тозғаны анықталды. Шатырдан аққан су сахна мен көрермен залына дейін жетеді, қасбеттің тақталары құлап, жүргіншілерге қауіп төндіріп отыр. Ал ескі электр сымдары өрт қаупін тудырады. Қазіргі таңда ғимарат қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді және эстетикалық көрінісін жоғалтқан", – деді басқарма басшысы Алмас Шабдарбаев.
Реконструкциялау жобасына сәйкес, ғимараттың тірек құрылымдары нығайтылады, шатыр мен қасбет тақталары ауыстырылады және барлық инженерлік коммуникация жаңартылады. Ғимарат толық автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталмақ.
Сондай-ақ, театр жабдықтары, жарықтандыру, сахна толықтай жаңартылып, орындықтар арасындағы өтпелер кеңейтіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалады. Бұл жұмыстардың барлығы 14,6 мың шаршы метр болатын қолданыстағы ғимаратты реконструкциялау жұмыстары аясында жүргізілмек.
Қазіргі театр жанында 10 мың шаршы метрлік үш қабатты жаңа ғимарат салу жоспарланған. Жаңа ғимаратта 200 орындық сахнасы бар зал, грим бөлмелері, шеберханалар мен цехтарға арналған бөлмелер, декорацияларды сақтауға арналған қоймалар, көркемдік жетекші қызметкерлерге арналған кабинеттер, балалар театр студиясына арналған оқу сахнасы мен сыныптар орналасады. Екі ғимаратты галереялық өткел байланыстыратын болады.
"Бөлінген қаражаттың құрылымын қарасақ, екі ғимаратты заманауи жабдықпен толық қамтамасыз етуге шамамен 6 млрд теңге қажет. Қолданыстағы ғимаратты реконструкциялауға 6 млрд теңге және жаңа ғимарат салуға шамамен 9 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, екі ғимаратты байланыстыратын галерея салынады, сыртқы желілер ауыстырылады және іргелес аумақты көгалдандыру мен көркейту жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауқымды жоба", – деді Алмас Шабдарбаев.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, негізгі ғимараттың реконструкциялау жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, ал жобаның толық аяқталуы 2026 жылдың бірінші тоқсанына белгіленген.