Алматыдағы SOS балалар қалашығы 25 жылдығын атап өтті

592

Алматыдағы SOS балалар қалашығы 25 жылдығын атап өтті. Бұл орталық ширек ғасырда 230-дан астам жетім балаға қамқорлық көрсетті. Бүгінде олар қоғамның толыққанды мүшесі боп қалыптасып, еңбек етіп, өз отбасыларын құрып жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Алматыдағы SOS балалар қалашығы 25 жылдығын атап өтті Фото: baribar.kz

SOS Алматы балалар қалашығының негізі 1997 жылы Сара Алпысқызының бастамасымен қаланды. Бастапқыда 31 бала қабылданса, соның бірі  Әсел Рысмендиева еді. Ол осы  орталыққа 8 жасында түскен. 2012 жылға дейін сонда тұрып, тәлім-тәрбие алып, бой жетті.

Бүгінде бойжеткен  жоғары білімді маман, волонтерлік жұмыстармен айналысады. Алматыдан пәтер сатып алған. Әсел қатарынан қалдырмай өсірген қалашықтың ұжымына алғыс білдірді. 

"Бізде 12 үй болды. Мен 6-шы үйде тұрдым. Маманың аты Куандыкова К.Ж. Сол кісі мені тәрбиеледі. Өсірді, ақылын берді", деді SOS Алматы балалар қалашығының түлегі Әсел Рысмендиева.

SOS балалар қалашығы жетім және ата-анасыз қалған балаларды   отбасының қамқорлығында  өсіретін ерекше форматтағы орталық. Балалар қалашығына түскен балалар отбасына беріледі. Кәсіби дайындықтан өткен SOS-аналардың балаларды бауырына басып, мейірім мен қамқорлықта өсіреді. Орталықтың мамандары балаға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді. 

"Біздің балалар отбасына өте жақын модельде тәрбие алады. Қалашықта 12 үй бар. Әр үйде бір-бір отбасы тұрады. Олар баланың дамуына, өсуіне,оқуына жауап беретін  SOS-ана бар. Ол кісі күні түні балалардың қасында. Мейірім, махаббатын беріп, тәрбиесіне назар аударып, кәдімгі үйдегі ана атқаратын тірліктің бәрін сол кісі атқарады", деді SOS балалар қалашығы директорының орынбасары Назира Оспанбек.

2017 жылдан бастап отбасының жаңа моделі енгізілді. Ерлі-зайыпты жұптардың көмегімен балаларды толыққанды отбасында тәрбиелеу әдісі іске қосылды. Оларға демеушілер қала орталығынан көп бөлмелі пәтер сатып әперді. Қазір осындай модельмен 4 отбасы бар. Балалар қаладағы қарапайым мектептерде оқиды. Мамандардың айтуынша, осындай отбасына түскен балалардың қоғамға бейімдеу процесі тез жүреді. 

"Балалар үйлері трансформацияға ұшырағанда, бізге жасөспірім балалар келіп жатты. 14 жастан үлкен жеткіншектерге отбасының дұрыс үлгісін көрсету маңызды болды. Әке-шешесі, өз биологиялық балалары бар отбасы моделі жеткіншектерге пайдалы екенін түсіндік. Әсіресе ұл балаларға көп көмегі тиді", дейді "SOS балалар қалашығы" КҚ ұлттық директоры Гүлжан Асанова.

Ширек ғасырдың ішінде балалар қалашығында 230-дан астам бала тәрбиеленді. Ержеткен түлектер қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасты. Олар өз отбасын құрып, балаларын дүниеге әкелді. Алматыдағы SOS балалар қалашығы ашылғанда Орталық Азиядағы осындай форматтағы жалғыз мекеме болатын. Кейін қалашықттың үлгісімен Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжанда да бой көтерді. 

Жәния Әбдібек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу