Aлматының сейсмоқауіпті аймағындағы жер телімдері заңсыз сатылған

611

2017 жылдары сейсмоқауіпті аймақта жатқан жүздеген гектар жер телімі сатылып кеткені анықталды.

Aлматының  сейсмоқауіпті аймағындағы жер телімдері заңсыз  сатылған Фото: Егемен Қазақстан

Алматыны басқарған бұрынғы әкімдерінің былықтары ашылып жатыр. 2017 жылдары сейсмоқауіпті аймақта жатқан жүздеген гектар жер телімі сатылып кеткені анықталды. Оған экология, санитария қызметі мен өрт қауіпсіздігі өкілдері де көз жұмып келген. Тіпті бұл заңсыздықты прокуратура мен антикордың да байқамағаны таңғалдырды. Жерді заңсыз талан-таражға салғандар жазасы қалай болмақ? 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы әкімдігімен бірлесіп жер телімдеріне мониторинг жүргізген. Нәтижесінде, Алматының тау бөктеріндегі 286 гектар жер  жекеменшікке заңсыз өтіп кеткені анықталды. Жай жер емес, элиталық және қымбат деп саналатын аудандардың телімдері. Антикордың дерегі бойынша, учаскелер экологтар, СЭС-пен және өрт қауіпсіздігінің  келісімінсіз берілген. Ал төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сейсмо қауіпті, қар көшкіні, сел  қаупі бар аймақта 26 мың адам тұратын бес мың нысан салынған. 12 тұрғын үй кешені топырағы сырғымалы қатпардан тұратын тік беткейге тұрғызылған. 

Алматының бас жоспары 2011 жылдары ескірген. Ал жаңасы әлі бекітілмеген. Осы ұрымтал тұста кейбір мемлекеттік органдар әр түрлі сылтаумен жердің нысаналы мақсатын өзгертіп жібереді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай 900 фактіні анықтады. Бірақ бұл бәрі емес. Соңғы екі жылда ландшафтты заңсыз өзгертудің 26 фактісі анықталды. Мысалы, Наурызбай ауданында жер иесі тауды ойып тастады, шығарылған топырақтың көлемі 100 мың текше метрден асқан. Бұл аумақты одан әрі қайта сату үшін 7 акрдан 50 тәуелсіз учаскеге бөлінген. 

Алматыда жердің заңсыз берілуі тарихи проблема. Бұған дейін белсенділер бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, биліктің назарын аударуға тырысқан. Алайда, жауаптылар міз бақпаған деседі. Енді белсенділер Әділетті Қазақстанда жер мәселесі  әділ жолмен реттеледі деп сенеді. Құзырлы органдар жердің заңсыз берілуіне қатысты қылмыстық іс қозғаған. Кінәлілер жауапқа тартылуы мүмкін.  

Еске сала кетсек, жуырда Президент жер телімдері  жаңа әдіспен берілетін заңға қол қойды.  Құжатқа сәйкес, жер телімдері екі жолмен беріледі. Біріншісі - электрондық форматта тікелей ұсыну арқылы, ал екіншісі - сауда-саттық арқылы. Жерді беруде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін қоғамдық кадастрлық карта жасалады. Онда жер, құқықтық, қала құрылысы және басқа да кадастрлардың мәліметтері қамтылады. Бұл жерге құқық беруді автоматтандыруға мүмкіндік береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу