Аңқау елге арамза молда... Дәріні неге тек дәріханадан алу керек?

333

Сауатсыздықтың салдарынан кез келген адам жарнамаға тез сенеді.

Аңқау елге арамза молда... Дәріні неге тек дәріханадан алу керек? Фото: Inbusiness.kz

Аңқау елге - арамза молда. Соңғы кезде әлеуметтік желіде қолдан түрлі дәрі сататын адамдар көбейіп келе жатқанын байқауға болады. Ал елде оларды есепке алып, ондай препараттардан зардап шеккендерді анықтайтын орган да жоқ екен. Дегенмен ел арасында ем іздеп жүріп жылдар бойы биологиялық белсенді қоспалар, түрлі мазьдар мен дәрілерді қолданып, соңында керісінше, науқас боп қалғандар баршылық, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Шыны керек, сатушымен сөйлескен 2-3 минуттың ішінде "супер" препараттың ғажап нәтиже беретініне өзім де сеніп қала жаздадым. Психологтар көп адам өз денсаулығын дәрігерге тапсырғаннан гөрі, еш бас қатырмастан дәрі іше салғанды жөн көреді, дейді.

"Сауатсыздықтың салдарынан кез келген адам жарнамаға тез сенеді, уақыттары жоқ, уақыттары болмағандықтан ылдым-жылдым ақпаратты тез жеткізетін, БАД-тарды сататын адамдарға сенеді. Олар не істейді? Өзіне пайда табу үшін оның денсаулығына жауапкершілік алмайды", - дейді психолог Айман Ахметова.

Дәрігерлер де дабыл қағады. Өйткені түрлі қолдан сатылатын дәрі мен БАД-тардан зардап шегіп жатқан адамдар тым көп екен. Кейбірі көз жұмады, жолы болғыштар аман қалады.

"Жақында ғана біздің ауруханаға жас әйел түскен болатын. Оның сөзіне қараған кезде белгісіз, еш жерде тіркеуде жоқ, дәрігерлердің рұқсатынсыз бір дәріні ішкен. Ішкен кезде ол кісіде аллергиялық реакция болған. Реанимацияда екі аптадан артық жатты. Өте ауыр жағдайда жатты. Өкпені жасанды желдету аппаратында жатты. Біз ол кісіні аман алып қала алмаймыз деген ой болды", - дейді Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов.

Ал бұл белгісіз дәріні келіншек арықтаймын деген ниетпен ішкен екен. Қазіргі таңда нарықта дәл осы салмақ түсіретін препараттар көп. Жарнамасы жер жарып тұрғандықтан, қылдай белді армандайтындар еш ойланбастан ала салады. Ал ол мемлекеттік реестрде тіркелген бе, жоқ па деген сауал көпті қызықтырмайтын сияқты.

"Біздің Қазақстан Республикасына келетін дәрілік заттар барлығын мемлекеттік тіркеуден өткізеді. Тіркеуден өту үшін ол үлкен жұмыстан өтеді. Яғни, сараптама жүргізеді. Егер де сол сараптаманың нәтижесі оң болатын болса, онда ол дәрілік затқа біз тіркеу куәлігін береміз", - дейді Ұлттық сараптау орталығының сарапшысы Толғанай Қоранова.

Яғни, тәптіштеп зерттелген дәрі тек дәріханада сатылады! Ал оны "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы" сайтына кіріп тексере аласыз. Біз сюжет басында кейіпкеріміз сатып алған "супер" дәрінің атауын реестрге енгізіп көрдік, бірақ ондай препарат шықпады. Ал тізімнен бәріне белгілі парацетамолдың тіркелген бірнеше түрі атып шықты.

"Ветеринарлық дәрі бар. Мал емдейтін дәрі. Иісі жаман сондай сасық. Осы халықтың көбі ішеді. Оны да іштім біраз уақыт. Оның зияны болған жоқ, ол кішкене адамды толтырып жібереді екен. Көктөбенің суын жарнамалап жатыр. Осылай керемет деп. Таныс адамға айтып қойдым. Маған жаздырып алып беріңізші деп", - дейді есімін жасырған азамат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу