"Армия – әлсіз тәрбие алған балалар үшін стресс": Бақытбек Смағұл әскердегі өлім-жітімнің себебін айтты

2937

Ол қазір ешкім патриоттық тәрбиемен айналыспайды деп отыр.  

"Армия – әлсіз тәрбие алған балалар үшін стресс": Бақытбек Смағұл әскердегі өлім-жітімнің себебін айтты Фото: ult.kz

Қазақстан ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл әскердегі өлім-жітімнің себебін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап.

"Оған себеп жоқ емес. Десек те, әлеуметтік желіде әскер тақырыбы белсенді түрде талқыланып, армияның айналасында халық үшін жағымсыз ахуал қалыптасып жатыр. Әскердің "дәмін татып көрмеген" сарапшылар да, айтқыштар да көбейді. Бұл тақырыпта пікір айту үшін кем дегенде сол салада қызмет етіп, бәрін іштен білу керек. Былай қарағанда, өмірі пұшпағы қанамаған әйелдің он екі бала тапқан анаға толғақ туралы лекция оқығаны сияқты ғой. Әлімжеттік пен суицид – жиі талқыланатын тақырып. Кейбіреулер дамыған елдердің армиясымен салыстырып, статистика келтіреді. Ал кейбір ақпарат құралдары мен блогерлер тек жағымсыз жаңалықты таратады. Өкінішке қарай, бұл жарияланымдардың авторы бұл мәселенің әскери салаға қайдан келгенін және оның түп-тамыры қайда жатқаны мен себеп-салдарын түсінуге талпыныс жасамайды. Бәрі отбасы, мектеп, жалпы қоғамдағы тәрбие мәселесіне келіп тіреледі. Ата-ана да баласының тәрбиесін әлеуметтік желіге жүктеп қойды. Ал мұнда әскер туралы тек қана негатив айтылады", - деді Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, қазір құндылық өзгеріп кеткен, ешкім патриоттық тәрбиемен айналыспайды. 

"Армиясыз ешбір мемлекет болмайды. Жан-жақтағы болып жатқан жағдайды көріп, біліп отырмыз. Кеңестік заманда да арнайы дайындық кезінде өлім-жітім болатын. Армия – санаторий не балабақша емес қой. Ертеңгі күні елдің шекарасын сеніп тапсыратын азаматтар тәрбие алатын жер. Мұнда тәртіп қатал. Қазіргі балалар – ерке. Еркелікті жер көтергенмен, ел көтере алмайды. Армия – әлсіз тәрбие алған балалар үшін стресс", - деді Қазақстан ардагерлері қауымдастығының төрағасы.

Ол әскер жас жігітті азамат етіп қалыптастырады дейді. Спикер әскердегі әлімжеттік мәселесіне тоқталды.

"Мен де қинала-қинала, оқиғаларға илана-илана өзімше тексеру жүргіздім. Мұның ішінде әлімжеттіктен басқа әскери жол апаты, отбасында дағдарыс боп, өліп кетіп жатқандар да бар. Болмаса, құмар ойынның шырмауына түсіп, өзін өлімге итермелегендер де жетеді. Бір өлімнің мән-жайы тексеріліп, айыпты анықталып, оның командирін жазаласа, тазаланады. Ал егер жабулы қазан жабулы күйде қалса, бұл тоқтамайды. Тағы бір мәселе – "әскерге барғандардың бәрін жаппай ұрып өлтіріп жатыр" дегеннен аулақ болу керек. Әр нәрсенің ауырған жерін өз уақытында емдеу қажет. Қалай болғанда да қиын жағдайда тұрмыз. Бұл жауапкершілікті жеңілдетпейді", - деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу