Әсет Исекешев Италия елшісі Паскуале Д’Авиномен кездесті

699

Әсет Исекешев Италия елшісі Паскуале Д’Авиномен кездесті

Астана әкімі Әсет Исекешев Италия Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Паскуале Д’Авино мырзамен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады. 

Әсет Исекешев дипломатты қызметіне кірісуімен құттықтап, алдағы уақытта Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықтың нығаятынына, кеңеюіне сенім білдірді. 

"Астананың қарқынды дамуы инвестициялық тартымдылығы мен айтарлықтай инновациялық әлеуеті – біздің қаламыздың маңызды басымдықтары. Бүгінгі таңда Италия Қазақстанның басты сауда серіктесінің бірі. Болашақта елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға өз үлесімізді қосатын боламыз. Аймақаралық ынтымақтастықтың қарқынды дамуына Астана және Италияның бірнеше өңірі мен қаласы арасында бекітілген ынтымақтастық туралы келісімдер өз ықпалын тигізбей қоймады", - деді Астана әкімі. 

Әсет Исекешев ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде Астанаға Италияның Кампания, Ломбардия, Марке, Тоскана және Умбрия, Апулия, Лацио, Милан, Сицилия мен Эмилия-Романья сияқты 10 өңірінен делегация келгенін ерекше бөліп айтты. Бұл өңір саны бойынша көрме жұмысына қатысқан Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші ел. 

Кездесу барысында Паскуале Д’Авино мырза Астананың сұлулығына тәнті болғанын айтып, қаланың 20 жылда өскені таң қалдырғанын жеткізді. 

"Осының бәрін көріп, біз қол соғамыз", - деді ол. 

"Рим мен Милан секілді қалалармен тікелей түрде жақсы да белсенді қарым-қатынас орнату үшін тікелей рейстің болғаны маңызды. Қазіргі кезде Алматы-Милан және Астана-Рим тікелей рейстерін ашу мәселесі қаралып жатыр", - деп мәлімдеді Италия Елшісі. 

Ол, сондай-ақ, күзде Астанада жетекші итальяндық архитекторлар мен дизайнерлердің қатысуымен архитектура және дизайн апталығы өтетінін хабарлады. 

Өз кезегінде Әсет Исекешев елорданың сәулеті мен қала құрылысын, мәдени кластерін дамыту үшін шараның қаншалықты маңызды екендігін тілге тиек етіп, Астананың аталмыш мерекелерге белсене қатысатынын айтты.
Кездесу барысында Паскуале Д’Авино, сондай-ақ қазіргі уақытта Астанада итальяндық мәдениет институтын ашу мәселесінің қаралып жатқанын мәлім етті. 

Ресми деректерге сүйенсек, 2017 жылы Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты сауда айналымы 9,615 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл - 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 16 %-ға артық көрсеткіш. 
Сонымен қатар, 2017 жылдың қорытындыларына сәйкес Италия ҚР-ның сауда серіктестері елдері арасында "Ресей мен қытайдан кейін" үшінші орынға ие болса, еуропалық елдер арасында бірінші орында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу