Астана қоқыс алаңына айналып барады

422

Тамыз басталғалы әлеуметтік желідегі парақшалар тұрғындардың қоқысқа қатысты шағымдарынан көз ашпай тұр.

Астана қоқыс алаңына айналып барады Фото: gov.kz

Контейнерлерге сыймай, бүкіл аулаға шашылған қалдықтардың иісі адамдардың әбден мазасын қашырыпты. Мұндай жағдай бірден бірнеше көшеде орын алған. Елордалықтар неге қоқыстың уақытылы шығарылуы үшін жергілікті органдарға шағымдануға мәжбүр?

Бұл бас қаланың орталық көшелеріндегі көрініс. Бір ғана емес, бірнеше жерде осындай жағдай. Тұрғындардың толассыз шағымынан соң, қоқыстан көз ашпай тұрған үйлерді өз көзімізбен көріп-қайтайық деп шештік. Мәселе суреттегіден әлдеқайда нашар болып шықты.

Мәселенің мән-жайын әкімдіктен сұрағанымызда, қоқысты жинау уақытылы жүргізіліп жатқанын айтты.

"Қала тұрғындарынан қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және қоқысты шығару бойынша қызметтерді "Clean City NC" ЖШС (2017 жылдан бастап) көрсетеді. Контейнерлік алаңдардан қалдықтарды жинау екі ауысымда жүргізіледі: 1-ауысым 06:00-ден 14:00-ге дейін, 2-ауысым 14:00-ден 22:00-ге дейін. Қаладағы қалдықтарды жинау жұмысын күшейту үшін жақын арада қоқыс шығарушы компанияларды анықтау бойынша конкурс өткізілмек", - деді Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы.

Ал тазалыққа жауапты мекеме "Клинсити" негізгі қызметкерінің іс-сапарда жүргенін айтып, арнамызға сұхбат беруден бас тартты. Тұрғындар бұл компанияға талай рет шағымданып, мардымды жауап ала алмадық деп отыр.  Меншік иелері бірлестігі қауымдастығының мүшесі Арыстан Керімбеков компания басшылығымен кездескеннен кейін ғана мәселеміз шешімін тапты,-дейді.

"Бұл, біріншіден, жауапсыз мекеме, екіншіден, қоқыстың не себепті уақытылы шығарылмайтынын ешқашан түсіндірмейді. Қазір бұл нарық монополиядан көз ашпай тұр. Онымен айналысу үшін саған 80 көлік, жүздеген қызметкер қажет. Бұл шамамен 2,5 млрд теңге. Сондықтан оны мемлекеттің қолына беру керек. Біз әкімдікке шағымданамыз, бірақ Қоршаған ортаны қорғау басқармасы тапсырыс беруші, ал оның жалғыз жеткізушісі бәсекелесі жоқ жалғыз монополист компания бола тұра, әкім не шеше алады?" – деді Меншік иелері бірлестігі қауымдастығының мүшесі Арыстан Керімбеков.

Меншік иелері бірлестігінің ортақ чатында 82 үй болса, оның 40қа жуығы осындай жағдайға тап болғандарын айтыпты. Күн сайын онға жуық тұрғын 3-4 күн жиналмаған қоқыстың суретін жібереді. Кей тұрғындар тіпті егеуғұйрықтар мен жарқанаттарға куә болыпты. Бұлай жалғаса берсе, бас қала қоқыс алаңына айналмай ма, деп қорқады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу