Бұл туралы Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы Тимур Мұратов Алматы облысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың қатысуымен өткен жналыста баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Әр мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – тұрғындар үшін көрсетілетін денсаулық сақтау қызметтерін жақсартуға ұмтылу. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, "ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды". Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өткен жылдардағы жетістіктері жайлы басқарма басшысы Тимур Мұратов айтып берді.
"2021 жылы қала тұрғындарының өмір сүру жасы 72,87 жасты құрады, 2019 жыл бұл сан 76,75 жас болған еді. Бұған қарамастан әлі де республикалық деңгейден асып, еліміздегі жоғары көрсеткіштердің бірі болып қала береді. 2022 жыл қорытындысы бойынша жалпы өлім-жітім көрсеткіші 29,7%-ға төмендеді", - деді ол.
Мемлекет басшысы әр Жолдауында айтып, нақты тапсырмалар берген болатын. Басқарма басшысы әкімдік тарапынан сапалы және қолжетімді медицинамен қамту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, елорданың денсаулық сақтау саласына қазір үлкен жүк түсіп тұр. Себебі қала тұрғындары жыл сайын орташа есеппен 40-50 мың адамға көбеюде. Өткен жылы Астанада жүктеменің басым болғанына қарамастан, ана өлімінің индикаторы 12%-ге дейін, туберкулезден болатын өлім-жітім 19%-ға, ал қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 33,5%-ға төмендеді. Бұл – ақхалатты абзал жандардың жемісті жұмысының көрсеткіші.
Сондай-ақ, басқарма басшысы жаңа пилоттық жобаға тоқталды. Қабылдау бөлімшелері жұмысының артуына байланысты медициналық ұйымдардың жұмысын оңтайландыру, стационарлардың қабылдау бөлімшелеріне келіп түскен өтініштер санын азайту мақсатында 2023 жылғы 10 қаңтардан бастап елордада МСАК ұйымдарында жедел жәрдем бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырудың пилоттық жобасы ұйымдастырылды. Жобаға алғашында №4, №5 және №10 қалалық үш емхана қатысқан еді. Аталмыш емханаларда тіркелген халықтың жалпы саны 220 мыңнан асады.
"Соңғы жылдары МСАК ұйымдарында антикоагулянттық терапия және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша аранйы кабинеттер ашылды, ауруларды басқару бағдарламаларын қамту бойынша жұмыстар жалғасуда. Онкологиялық қызмет бойынша ахуалдық орталықтардың жұмысы жолға қойылды, ай сайын көрсеткіштерге бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ скринингтік зерттеулер көлемі артты", - деп атап өтті Тимур Мұратов.