Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге шарт жасалды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Орталық сәулелік және протондық терапияны көрсету үшін қазіргі заманғы диагностикалау және емдеу жабдықтарымен, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді моделін қолдана отырып, жарақталатын болады.
Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта жыл сайын стационарлық көмек көрсету жағдайында шамамен 6 мың пациент және амбулаториялық көмек көрсету жағдайында 30 мыңнан аса пациент жоғары технологиялық медициналық қызметті қолдана отырып, медициналық көмек алатын болады. Қазіргі заманғы сәулелік терапия 4 мың пациентке көрсетілетін болады. 10 мыңнан аса пациент ядролық медицинаны қолдана отырып, онкологиялық сырқаттарды диагностикалау және емдеу мүмкіндігін алады.
Жаңа орталықты құру жөніндегі жұмыс әлемдік жетекші онкологиялық орталықтар қатарынан стратегиялық әріптестермен, Назарбаев Университетінің Ғылым және өмір орталығымен тығыз ынтымақтастықта, сондай-ақ халықаралық және отандық сарапшыларды тарта отырып, жүзеге асырылатын болады.
Жыл сайын Қазақстанда қатерлік ісіктермен сырқаттанудың 35 мыңнан аса жаңа жағдайы тіркеледі. Қазақстанның шамамен 170 000 халқы қатерлі ісікпен сырқаттануына байланысты есепте тұр.