Астанада №4, 9 және 10 емханалардың диспансерлік науқастары денсаулық-білезік пилоттық жобасына қатысты, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Бұл денсаулық-білезіктер қант диабетімен, артериялық гипертензиямен және созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан диспансерлік тобына жататын науқастарға арналған. Пилоттық жобаға 210 адам қатысты. Оларға денсаулық-білезіктері тегін таратылды.
Пилоттық жоба созылмалы инфекциялық емес ауруларды емдеу бағдарламасы аясында іске асырылуда.
"Білезіктің көмегі өте жақсы. Себебі менде үнемі жоғары қысым болады. Мен 2012 жылы гипертониялық кризге шалдықтым, ал бұл білезікпен мен өзімді сенімді сезінемін. Өйткені білезікте менің барлық деректерім, қандай дәрі-дәрмек қолданатыным, қан тобымның қандай екендігі, тіпті қандай дәріге аллергия екеніме дейін көрсетіледі", – дейді білезікті алғашқылардың бірі болып алған Шолпан Еликеева.
Жоба Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен жүзеге асып отыр, жүйені қазақстандық ІТ-компаниясы әзірледі.
Қалалық ауруханаларда жеке куәлігі болмаған жағдайда науқастың идентификациясын жасау 1 бүннен артық уақыт алуы мүмкін, ал денсаулық-білезіктердің көмегімен анықтау бірнеше секундқа ғана созылады.
"Есінен тану қаупі жоғары тәуекел тобындағы науқастарға QR-коды бар арнайы білезіктер таратылады. Статистика бойынша, жыл сайын 500-ге жуық науқас біздің ауруханаларға есінен танған жағдайда түседі. Дәрігерлер науқастың қандай аурумен ауыратындығын, аллергиялық реакцияларын, туа біткен ақаулары туралы көбірек білуі керек. Бұл аз уақыттың ішінде шешім қабылдау және науқастың өмірін сақтап қалу үшін өте маңызды. Кейде науқас реанимацияға келіп түскенде, біз оның туысы мен жақындарын біле алмай, кімге қоңырау шалуды білмей жатамыз. Ал бұл білезікте барлық деректер қамтылған", – деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, қазіргі уақытта елордада диспансерлік науқастардың саны 120 мың адамды құрайды. Жобаны 2019 жылдың наурызына дейін толық жүзеге асыруды жоспарланып отыр.