Бай мен кедейге бөлінген Қазақстан

521

"Қазақтелекомның" 4 басқарма басшысы былтыр жарты миллиард теңгеге жуық сыйақы алған.

Бай мен кедейге бөлінген Қазақстан

Яғни, олардың әрқайсысына 105 миллионнан да көп ақша беріліпті. Бұл - Қазақстанда бұрыннан бар бонустар. Біраз үлесі мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар мен ұлттық компаниялар, тіпті, кей қорлардың топ-менеджерлері жыл сайын осылай миллиондап қаржылай "сыйлық" алады. Әп-сәтте қалталарын қыруар қаржымен қампитып шыға келетін дөкейлердің жұмысын бағалап отырған кімдер?

Нарықта "Қазақтелекоммен" тең дәрежеде бәсекелес болатындай компания жоқ. Әлі күнге дейін ол нарықтың жартысынан көбін иеленіп отыр. Сондықтан мен де сіздер секілді дәл осы компанияның көмегіне жүгінемін. Тіпті, үйіме 9000 теңгеге секундына 500 мегабайт жылдамдығы бар интернет орнаттым. Онсыз да бірде жанып, бірде өшіп тұратын вайфай осыдан бір апта бұрын мүлде істен шықты. Ал компания өкілдері жылдамдықты арттыру үшін маған қосымша күшейткіш қоюды ұсынды. Бір қызығы, бағасы 20 мыңнан басталатын модемді өз ақшама сатып алуым керек екен. Өйткені, бұл қызмет компанияның құзыретіне кірмейтін болып шықты.

Ал жұмысты жүйеге келтіре алмай отырған "Қазақтелкомның" 4 басқарма басшысы былтыр 422 млн 159 мың теңге сыйақы алған. Яғни, әрқайсының шотына 105 млн 53 мың теңгеден ақша түскен. Бұл компания топ-менеджерлері "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры белгілеген жоспар бойынша стратегиялық көрсеткішке қол жеткізген үшін берілген бонус. Былайша айтқанда, мол табыс түсірген. Сіз бен біздің арқамызда, әрине.

"Телеком деген дүниежүзіндегі үлкен компаниялардың бірі. Әрине, ол жерге кәсіпкерлерді жалдау үшін сәйкес жалақы төлеу керек. Төлемін азырақ төлесек, ол жерге кәсіпкерлер келмейді, қарапайым адамдар келеді. Бұл жерде эмоциядан алыстау керек, қашықтау керек те", - деп пікір білдірді халықаралық сарапшы Арман Әбдірасылов.

Миллиондап премия алу квази-мемлекеттік секторда бұрыннан бар. Тіпті, ешкімге жасырын да емес. Мысалға, 2021 жылы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының 8 топ-менеджері 575 миллион 44 мың теңге сыйақы алған. Есепке салсақ, әрқайсысына 71 миллионнан астам теңгеден түскен. Ал онсыз да ай сайын алар жалақысы аз емес басшылардың бұл қаражатқа 12 мұқтаж отбасына Астанадан 2 бөлмелі пәтер алып беруге жетеді екен.

"Жай жұмыскерлерге де төленеді, бірақ сондай қаражат емес, мысалы, 1-2 айдың жалақысы, 300, 400, кейде 600 мың, Ал директорлар кеңесі 100 млн алады. Жалақсы 10 млн болса, 10 айдың ақшасын премия қылып алады", - дейді экономист Жанат Нұрғалиев.

2021 жылы Қазақстан халқы дәрі таппай сандалып, біраз адам жақындарынан айырылды. Сол кезде халықтың қалтасынан жиналып, жұрттың денсаулығын жақсартуға жұмсалуы тиіс Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты да бірер адамның қалтасында кеткен болатын. Ол кезде әр топ-менеджер 19 миллионнан сыйақы алып елді шошытты. Қоғамдық дүмпуден соң лауазымды тұлғалар тексеріліп, жұмыстан шеттетілді. Заңгер Айгүл Орынбек ұлттық холдингтердің барлығын тексеретін кез келді,- дейді. Өйткені, квази-мемлекеттік секторда пайдасы аз, бірақ жалақысы миллиондардан құралған мамандар жетерлік.

"Олардың соншалықты айлық алуға құқылары жоқ. Біз әрбір қазынадан бөлініп жатқан ақшаға сұраныс салуымыз керек. Ол ақшалар қайда кетіп жатыр, кімге кетіп жатыр, неге кетіп жатыр? Бас салып мемлекеттік қызметкерлерді тексере бермей, осындай үлкен-үлкен мемлекеттің қазынасынан бөлініп жатқан холдингтерді тексеретін уақыт келді", - дейді заңгер Айгүл Орынбек.

Сарапшылар бірнеше адамның ғана қалтасына кететін ел қазынасын шашуды тыйю үшін әуелі заңдарды өзгерту керек,- дейді. Өйткені, жоғарыдағылар квази-мемлекеттік сектордың жұмысын бақылаусыз қалдыратын өздеріне ыңғайлы заң жазып қойған көрінеді. Сондықтан әзірге қазына байлығын қалталылар ғана көріп, Қазақстан бай мен кедейге бөліне берері анық.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу