Нидерланд туристерінің бір тобы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу үшін Амстердамнан Астанаға келді. Олардың арасында белгілі голландиялық ғарышкер Андре Кауперс те бар. Ол әлемге әйгілі Байқоңыр айлағынан екі мәрте ғарышқа ұшқан, деп хабарлайды egemen.kz.
Жиырмадан астам туристің арасындағы ғарышкер бұл жолғы сапарының да қызықты әрі әсерлі болатынына сенімді.
"ЭКСПО – өте қызықты шара, оған көптеген турист келуге тиіс деп ойлаймын. Көрме әдемі жерде орналасқан, бәрін жақсы қарсы алатынына сенімдімін. Мен Астана мен Байқоңырда бірнеше рет болдым. Бірақ ұшуға дайындықтан өтіп жатқандықтан, еліңіздің басқа жерлеріне баруға мүмкіндігім болмады. Бұл жолы керемет әсер алатын түрім бар. Байқоңыр – адамзаттың ғарышты игеру тарихы басталған өте маңызды орын, әлі күнге дейін пайдаланылып жүр. Мен Юрий Гагариннің ізімен осы жерден екі рет ғарышқа ұшқанмын. Бұл – адамзаттың арманы ақиқатқа айналатын киелі жер. Қазақстанның болашағы зор, мұны біз Астанаға қарап айта аламыз. Әлемде талай дағдарыс болып жатқан кезде де тұрақтылығын сақтап тұр. Қазақстан мен Нидерланд арасында тығыз қарым-қатынас орнаған, осы әріптестігіміз, әсіресе, ғарыш саласында жалғасатынына сенемін", дейді Андре Кауперс.