Балық шаруашылығының дамуына не кедергі екені анықталды

1047

Мағзұм Мырзағалиев "Акваөсіру туралы" заңды әзірлеу қажет деп санайды. 

Балық шаруашылығының дамуына не кедергі екені анықталды Фото: primeminister.kz

Биылғы жылдың ақпан айында Атырау қаласында балық шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде өткен көшпелі жиында Премьер-министр А. Мамин саланың дамуына кедергі келтіретін негізгі барьерлерді анықтауды тапсырған болатын. Бүгін Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев министрліктің бизнеспен бірге талдау жүргізіп, 3 басты мәселені анықтағанын жеткізді.

Бірінші. Еліміздегі су қоймаларын зерттеу нәтижесінде арасында потенциалы жоғары деген су қоймалары анықталды. Өткізген зерттеудің аясында осы жерлерде жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны белгілі болды. Осыны негізге ала отыра, балық өсіру өңірлерге бөлініп, схемасы жасалды. Мысалы, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы карп және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы болса, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында форель, сиг тұқымдас балықтарды өсіруге болады. Ал Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі форель, карп балықтарын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары сиг және карп түрлерін өсіру үшін қолайлы. Өз кезегінде, Маңғыстау облысында лосось және бекіре балықтарын, Қызылорда облысындағы Арал теңізінде карп балықтарын өсіруге болады.

Сонымен бірге, өңірлер УЗВ, яғни тұйықталған сумен қамтамасыз етілген технологиясын пайдалана отырып, тоған және бассейндік шаруашылықтар сияқты балық өсірудің басқа да бағыттарын дамыта алады.

Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы балық өсіру шаруашылықтарының типтік жобаларын әзірледі. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді.

Екінші. ҚР ЭГТРМ қолданыстағы заңнамаға талдау жасап, мынадай басты проблемаларды анықтады.

1. Су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстарын салуға тыйым салынуы.

2. Балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынуы. Бұл жерде, балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі ескерілмейді. Осылайша, булану және сүзгілеу түріндегі шығындар үшін ғана төлем төлеуді ескеру қажет. 

3. Жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі берілмеген (49%).

4. Тоғандар мен балық өсіру бассейндерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қажеттілігі.

5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге балық өсіру шаруашылықтарын салу кезінде шығынды өтеу қажеттігі. Бүгінде тек балық өсіретін питомниктер ғана шығынды өтеуден босатылған. 

Министрлік Салық, Су, Жер кодекстеріне, сондай-ақ "Жануарлар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану", "Архитектура, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары туралы" Заңдарға өзгерістер әзірлеп, оларды тиісті заңнамаға енгізді. Түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген және күзде Парламентке енгізілетін болады. 

М. Мырзағалиев акваөсіру сәтті дамыған бірқатар елдерде балықты жасанды өсіру саласындағы қатынастарды реттейтін жеке заң бар екенін атап өтті. Сондықтан ҚР ЭГТРМ "Акваөсіру туралы" заңды әзірлеу қажет деп санайды.

Үшінші. Балық өсіруді дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз болып тұр. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық питомниктері мен көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарына арналған жем, техника мен жабдықтарға арналған. Алайда, көбінесе әкімдіктер балық өсіруді субсидиялау үшін қаражатты қалдық қағидат бойынша ғана бөліп отыр, балық өсіруді басым бағытқа санамайды.

"Жүргізілген талдауға сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша балық азығына 407 млн теңге субсидия бөлінді. Субсидиялаудың жалпы көлемінің сексен 81,5% немесе 33) мл. теңгесі Түркістан облысына тиесілі. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл аймақ балық өндіру бойынша көшбасшы болып тұр. Басқаша айтқанда, бұл балық саласын дамытудың бөлінетін субсидиялау көлеміне тікелей тәуелді екенін білдіреді. Осыған орай, балық өсіруді субсидиялау үшін өңірлерге трансферт көлемін ұлғайтуды сұраймыз", – деді министр.

Осыған байланысты, ҚР ЭГТРМ қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын қосымша субсидиялаумен кеңейту мәселесін пысықтады.

Бірінші. Субсидиялаудың жаңа түрлерін енгізу мәселесі. Бұл балық өсіру-биологиялық негіздемелер құнының 50% дейінгі субсидиялар, балық шабақтары мен бағалы балық түрлерінің аналық табындарын сатып алу және ұстау шығындары және т. б.

Екінші. Бұл тор ішінде балық өсіру шаруашылығын, сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар балық өсіру шаруашылығын, сондай-ақ қайта өңдеу жөніндегі кешендерді құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеу.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктері бұл ұсыныстарды қолдады. Осылайша, еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға, шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін айта кету керек. Бұдан басқа, бұл шамамен 10 мың қосымша жұмыс орнын құруға және халықтың табысын көбіне ауылдық жерлерде арттыруға ықпал етеді.

Сөз соңында М. Мырзағалиев проблемалық мәселелерді кешенді шешу үшін министрлік балық шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу