Бас прокуратура автожол саласындағы көптеген бұзушылықтарды анықтады

592

Берік Асылов орасан зор бюджет қаражатының бөлінетініне қарамастан, автожолдардың сапасы азаматтардың наразылығын тудыратынын атап өтті. 

Бас прокуратура автожол саласындағы көптеген бұзушылықтарды анықтады Фото: gov.kz

Бүгін, 26 сәуірде Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалық етуімен автомобиль жолдары саласындағы тексерулердің нәтижелеріне арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Бұл туралы inbusiness.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алқа жұмысына бірінші вице-премьер Роман Скляр, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, орталық, жергілікті және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Берік Асылов орасан зор бюджет қаражатының бөлінетініне қарамастан, автожолдардың сапасы азаматтардың наразылығын тудыратынын атап өтті. 

Сондықтан Президенттің тапсырмасы бойынша прокурорлар автожолдардың жай-күйін жұмыстарды жоспарлаудан қабылдауға дейін кешенді түрде тексерді. Тексеру нәтижелері көптеген бұзушылықтарды анықтады, соның ішінде тапсырыс берушілердің орындалмаған жұмысқа ақы төлеуі, сметалық құнды асыру, жобалардан ауытқу, құрылыс нормаларын сақтамау деректері және т.б.   

Бүгінгі таңда тексеру материалдары бойынша қылмыстық істер қозғалды, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, залалды өтеу шаралары қабылдануда.  

Мысалы, құқық қорғау органдары "Қалбатау-Майқапшағай" және "Қарағанды-Балқаш" автожолдарын салу кезінде жұмыстарды орындамау және қаражат жымқыру фактілерін тексеруде.

Ұзындығы 800 км-ден асатын бұл жол учаскелерін шетелдік қатысуы бар консорциумдар сыртқы қарыз қаражаты есебінен салып жатыр, оның шеңберінде "ҚазГерСтрой БК" ЖШС (Қ.Сатыбалды құрылымдарымен байланысты) жұмыстарды бірлесіп орындаушы ретінде тартылды.

Тек "Қалбатау-Майқапшағай" жобасы бойынша "ҚазГерСтрой БК" ЖШС 21,4 млрд теңге аванстың едәуір бөлігін автожолға байланысты емес басқа мақсаттарға, оның ішінде кредитке ақы төлеуге жұмсады. Ол үшін мердігер күдікті капиталды шығару схемаларын қолданды.

Қылмыстық істен тыс прокурорлардың актілері бойынша 35 млрд теңге мемлекетке қайтарылды және бюджет шығынына жол берілмеді, тәртіптік және әкімшілік жазаға 600-денастам адам тартылды.

Мәселен, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында прокурорлар жергілікті биліктің аудандық және облыстық маңызы бар жақсартуды қажет етпейтін жол учаскелерін жөндеу туралы шешіміне тоқтау салып, бюджеттен шамамен 1 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуын болдырмады.

Анықталған жүйелі бұзушылықтар бойынша Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.

Жол саласын жақсарту шаралары туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басшысының баяндамалары тыңдалды.

Бас Прокурор жағдай тек жазалау шараларымен өзгермейтінін, бүкіл саланы түбегейлі қайта құру қажет екенін атап өтті.

Осыған байланысты жоғары қадағалау органы Үкіметпен бірлесіп жол-көлік инфрақұрылымын реформалаудың бірқатар келесі бастамаларын көтерді.

  • Бірінші. Жол жобаларын қаржыландыру тапшылығы проблемасын шешу үшін нысаналы қор құру ұсынылды, оған көлік салықтары, жанармайға акциздер, ақылы жолдардан алынатын алымдар, айыппұлдар, автожол саласындағы өтелген залал сомалары және басқа да түсімдер шоғырланатын болады.
  • Екінші. Құрылыс материалдарының (оның ішінде битумның) тапшылығын еңсеру және жолды пайдалану мерзімін ұзарту мақсатында жергілікті және көше жолдары үшін асфальтты сақтай отырып, республикалық желі үшін бетон жабыны бар автожолдарға көшу ұсынылды.
  • Үшінші. Мемлекеттік сараптамамен толық қамту және жол-құрылыс жұмыстарына тәуелсіз қоғамдық мониторинг енгізу арқылы көлік жолдарының сапасын бақылауды күшейту.
  • Төртінші. Жол құрылысын техникалық қадағалаудың қазіргі моделінің тиімсіздігін ескере отырып, пилоттық жоба ретінде оны Жол активтерінің сапа орталығына беру ұсынылады.
  • Бесінші. Автожол саласы ғылымын қаржыландыруды ұлғайту, бұл жол салудың озық технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
  • Іс-шара соңында қатысушылар ұсынылған бастамалар автожол саласын дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті.

Белгіленген ұсыныстарды іске асыру үшін Берік Асылов және Роман Скляр жауапты лауазымды тұлғалары бекітілген 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды.

Жол картасының іске асырылуын бақылау Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Бас прокуратураға жүктелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу