Баспана кезегін мұраға қалдыруға бола ма?

507

Қазір елімізде 565 мың адам пәтер кезегінде тұр.

Баспана кезегін  мұраға қалдыруға  бола ма? Фото: inbusiness.kz

Елімізде пәтер кезегін жиырма жылдан аса уақыт күтіп жүргендер көбейді. Тіпті баспанаға қолы жетпей  өмірден өтіп кеткендер жетерлік.  Енді кезектілікті үйлестіру ісі  жергілікті әкімдіктен  Ұлттық даму институтына берілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Оның айтуынша, заңнамаға енетін  тиісті түзетулер  үкіметте талқыланып, мәжіліске жолданған. Онда  тұрғын үй кезегін  толық цифрландыру көзделген. Сондай-ақ, тұрғын үй қорындағы пәтерлер тек бір жылда кезекке тұрғандарға беріледі. Осылайша, кезектіліктің сақталуы жіті бақыланбақ.   Министрдің сөзінше жаңа құжатпен тұрғын үй кезегі жылдам жылжып, тұрғын үй құрылысы қарқын алады.

"Біріншіден бұл заң арқылы кезекте тұрғандардың санын азайтуға болады. Әрі 10 жылдап кезекті күту жағдайларын болдырмайды. Сондай-ақ, баспанаға беру шешімін жергілікті тұрғын үй комиссиялары шешпейді. Сұраныс та қабылданбайды.  Сондықтан бұл ашық әрі тиімді әдіс болады деп ойлаймын. Ал, баспанаға қолы жетпей  қайтыс болғандардың кезектілік нөмерін мұрагеріне беру мәселесі қазір жан-жақты талқылануда", - дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.  

Айта кетейік, қазір елімізде 565 мың адам пәтер кезегінде тұр. Ал 1 миллионнан астам адам жер телімін алуға құжат тапсырған.  Демек, 1,5 миллионнан астам адам баспанаға мұқтаж. Ал, сарапшылардың сөзінше Қазақстанда тұрғын үй тапшылығы 114 млн шаршы метр. Статистикаға сүйенсек, халықты тұрғын үймен қамту деңгейі бір жылда  12 пайызға өскен. Әйтсе де баспанаға мұқтаж азаматтардың саны артып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу