Батыс Қазақстан облысы отандық кәсіпорындарды қолдай алмай отыр

1198

Басқарма төрағасы жергілікті қамту үлесі нашар екенін айтты.  

Батыс Қазақстан облысы отандық кәсіпорындарды қолдай алмай отыр

Жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және тамақ өнеркәсібі сондай-ақ құрылыс материалдары салаларындағы қарапайым заттар экономикасы соңғы 3 айда  2%-дан 20%-ға өсті. Үкімет отырысында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы осылай деді.

"Жеңіл өнеркәсіпте оң өзгеріс байқалады. Десек те еліміздің 5 облысында мемлекеттік сатып алу жоспары тек 50%-ға ғана орындалды. Бұл жердегі жергілікті қамту үлесінің 36%-ы отандық кәсіпорындардың еншісінде. Біз жоспарлау мәселесін реттеуді сұраймыз. Мысалы, қазір Қызылорда облысы 46% көрсеткішпен алда келе жатыр. Бірақ жоспардың 22%-ы ғана орындалған. Жылдың аяқталуына санаулы айлар қалды. Жоспардың қалған бөлігі қашан орындалатыны белгісіз", – деді Абылай Мырзахметов.

Басқарма төрағасының сөзінше, Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сатып алу жоспарының 89%-ын жүзеге асырған. Алайда жергілікті қамту үлесін, яғни отандық кәсіпорындарды қолдау саясаты 1%-ды ғана құраған.

"Отандық кәсіпорындарды қолдауды қатаң бақылауды сұраймыз", – деді Абылай Мырзахметов.

Оның айтуынша, жиһаз өнеркәсібі саласында Павлодар, Қызылорда, Түркістан, Қостанай, Маңғыстау облыстарында жоспар 50%-дан жоғары орындалған. Отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары 40%-ды құраған.

"Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жоспар 53%-ға орындалған. Отандық кәсіпорындардың өнімін сатып алу көрсеткіші 6% шамасында болған. Батыс Қазақстан облысы жоспарды 83%-ға орындаған, бірақ жергілікті қамту үлесі 3% ғана болған", – деді Абылай Мырзахметов.

Басқарма төрағасының баяндауынша, тамақ өнеркәсібі саласында Павлодар, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласы жоспарды 70%-ға орындаған. Осылайша отандық кәсіпорындардан сатып алу көрсеткішін 40%-ға жеткізген. Ақмола, Маңғыстау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы жоспарды 64%-ға орындаған. Бірақ отандық кәсіпорындардан өнім сатып алу көрсеткішін 7%-дан асыра алмаған.

"Батыс Қазақстан облысында жоспардың 38%-ы жүзеге асырылған. Алайда  отандық кәсіпорындардан өнім алу көрсеткіші нөл пайыз болған", – деді Абылай Мырзахметов.

Белгілі болғандай, құрылыс материалдары бойынша Павлодар, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары жоспардың 67%-ын орындап, жергілікті қамту үлесінің көрсеткішін 38%-ға жеткізген. Жамбыл, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары жоспардың 53%-ын жүзеге асырғанмен, отандық кәсіпорындардан тауар алу көрсеткішін 8% ғана орындаған.

"Батыс Қазақстан облысында жоспар 86%-ды құраған, ал отандық кәсіпорындардан сатып алу көрсеткіші 2% болған", – деді Абылай Мырзахметов.

Белгілі болғандай, құрылыс-монтаж жұмысын атқаруға 900 млрд шамасында қаржы қарастырылған. Көрсетілген қаражаттың жартысы құрылыс материалдарын сатып алуға жұмсалуы тиіс. Алайда қазіргі көрсеткіш 31%-ды ғана құрап отыр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу