Бруцеллезге қарсы күрес саясатын өзгерту қате шешім болды

559

Еліміздегі ветеринария саласының жағдайы көңіл көншітпейді. Сенатор Ақылбек Күрішбаев үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында осылай деп дабыл қақты. 

Бруцеллезге қарсы күрес саясатын өзгерту қате шешім болды Фото: inform.kz

"Бұған кезіндегі біртұтас ветеринария жүйесінің бөлінуі және қадағалау функциясының әлсіреуі әсер етіп отыр. Осындай өзгерістерден кейін ветеринария саласынан ветеринарлық заңнаманың үстемдігін сақтап қалуды және саланың эпизоотиялық жағдайының мүддесін қорғаған тәжірибелі мамандар амалсыздан кетті. Тиімсіз реформаның соңы неге алып келгенін біздің жағдайымызға бейімделмеген малды жаппай импорттап, онымен бірге бұрын бізде болмаған экзотикалық жұқпалы ауруларды таратуға себеп болды. Мұны "Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру" жобасының мысалынан көруге болады. Осы уақытқа дейін қоғамда импортталған малдың қалай бейімделгені туралы, олардың қаншасы ауру болып шыққаны, қаншасының жойылғаны, қандай ауру түрлерін әкелгені және қандай ауқымда таралғаны жөнінде ақпарат берілген жоқ", –  деді Ақылбек Күрішбаев.

Сенатордың сөзінше, бруцеллезге қарсы күрес саясатын өзгерту қате шешім болды. Жуырдағы жоғары патогенді құс тұмауының өршуі де ветеринария саласының қауқарсыздығын айқын көрсетті. 

"Құс шаруашылығы өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорындары жылдар бойы өсірген құс басынан айырылды, оған қоса қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге мәжбүр болып отырмыз", – деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, жағдайды қалпына келтіру үшін мемлекеттік деңгейде шара қабылдау қажет. 

"Ветеринариялық инспекторлардың жалақысын көбейтумен қатар, еңбектің зиянды жағдайлары үшін, олардың аса қауіпті ауруларды жұқтыру қатерінің болуын ескере отырып, үстемеақы төлеу керек", – деді Ақылбек Күрішбаев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу