Бұл жерде монополия жоқ – Ростислав Коняшкин

626

Мемлекеттік платформаларға қандай өзгерістер қажет? eGov Mobile қосымшасында қол қоюдың қандай жаңа түрлері пайда болады? 

Бұл жерде монополия жоқ – Ростислав Коняшкин

Қазақстандықтардың дербес деректерінің қорғалуына кепілдік бар ма? Журналистердің сұрақтарына "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин "Digital Bridge 2022" форумында жауап берді, деп жазады Inbusiness.kz. 

"Егер біз цифрлық платформалар туралы айтатын болсақ, онда ең алдымен осы уақыт ішінде тым көп түрлі жүйелер құрылды деген қорытындыға келіп отырмыз. Әрине, олардың кейбіреулері уақыт өте келе ескіреді. Мемлекеттік органдар арасында цифрландыру жүріп жатыр. Көшбасшы мемлекеттік органдар да бар, сонымен қатар біршама артта қалған мемлекеттік органдар да бар. Біз бүгінгі таңда барлық мемлекеттік қызмет бойынша мемлекеттің азаматпен қарым-қатынасына арналған базалық мобильдік қосымша ретінде eGov Mobile мобильді қосымшасын дамытып жатырмыз. Біз оған "е-өтінішті" шығардық, енді "е-денсаулық" бөлімі, "салық әмияны" және барлық басқа да сервистер шығарылады", – деді спикер. 

Бұл барлығы бір платформада болып, азаматтарға бірыңғай байланыс нүктесі ретінде қолдануға мүмкіндік береді дейді. 

"Қол қоюдың жаңа құралын таныстырдық. ЭЦҚ кілттерімен байланысты стандартты проблемаларды бәріміз білеміз. NCALayer бағдарламасын орнату көп жағдайда қолайсыздық туғызады. Біз сайтта жаңа механизмді іске қосып жатырмыз. Сайттағы QR кодты көріп, eGov.mobile мобильді қосымшасын ашасыз. Одан кейін ол QR-ды оқып, автоматты түрде оған қол қояды. Яғни сізге флэш-дискідегі файлдар немесе бағдарлама қажет болмайды. Мұндай механизмді Отбасы банкпен бірлесіп іске қостық. Бұдан бөлек авторизациялау және қол қою үшін Жоғарғы сот сайтында да осындай механизмді іске қостық. Әрі қарай оны басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне таратып, ауқымын кеңейтетін боламыз", – деді Басқарма Төрағасы.

Digital Bridge 2022 форумында eGov Mobile қосымшасында қол қоюдың QR-код, PUSH хабарламалар мен гиперсілтемелер арқылы жаңа әдістері ұсынылған болатын. Бұл әдістермен басқа қосымшаларда бөлісуге, SMS түрінде жіберуге болады.  

Бұдан бөлек спикер "Бізде электронды мемлекеттік платформалардың саны қанша?" деген сұраққа да жауап берді. 

"Осыған дейін министрлік тарапынан 300-400 түрлі сайттар мен ақпараттық жүйелердің бары туралы айтылды. Қазір оларды біріктіру және ұзақ мерзімді стратегияларды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді ол.

Ростислав Коняшкин аталған платформалардың барлығымен жұмыс істемейтіндіктерін де атап өтті. 

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мемлекеттік органдардың барлық алаңдарымен, сайттарымен, ақпараттық жүйелерімен айналыспайды. Жекелеген мемлекеттік органдар, жеке бизнес те оларды дербес жүргізеді. Бұл жерде монополия жоқ", – деді спикер. 

Сөз соңында қазақстандықтардың дербес деректерінің қорғалуына тоқталды.

"Біз қазақстандықтарға олардың деректері қорғалғанына кепілдік бере аламыз және де кепілдік беруіміз керек. Біз бұл бағытта тиісті іс-шараларды жүргізудеміз", – деп қорытындылады ол.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу