Эквадор астанасы Кито қаласында тұрғын үй және қалаларды тұрақты дамыту бойынша БҰҰ конференциясы өтуде. Алқалы жиынға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, ұйымға мүше елдердің өкілдері мен әлемнің ірі қалаларының басшылары қатысып жатыр. Бүгінде шаһар тұрғындарының саны күн санап артып келеді. Мәселен, Токио – әлемдегі тұрғыны ең көп қала. Мұнда 37 миллионнан астам адам тұрады. Екінші орынды 22 миллион халқы бар Дели иеленеді. Мехико, Нью-Йорк, Шанхай қалаларында 20 миллионнан астам тұрғын өмір сүреді. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 40 жылдан соң әлемдегі 5 адамның 4-еуі шаһарды мекен етеді. Үшінші рет өтіп жатқан форумда осындай жаһандық үрдіс және оның салдары қызу талқыға салынды. Қорытындысында экологиялық таза тұруға қолайлы қалалар салу және олардың даму стратегиясы қабылданды. Форумда сөз алған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бұл құжаттың заманауи шаһардың өсіп-өркендеуіне негіз қалап, климат жөніндегі Париж келісімін қуаттайтынын айтты.
24.kz