Бюджет қаражатын жымқыруға бағытталған қылмыстық схемалар ашылды

913

Қызылорда өңіріндегі ауылшаруашылығы басқармасына бағынысты мекемелер мен ұйымдардың бюджет қаржысын игеру, ауылшаруашылығы өндірушілерінің субсидиялау барысындағы түйткілді мәселелері талқыға салынды.

Бюджет қаражатын жымқыруға бағытталған қылмыстық схемалар ашылды

Жыл сайын ауылшаруашылығы саласына бөлініп жатқан субсидияларды зерттеу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен тәуелсіз салалық сарапшылар саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді. Нәтижесінде жыл басынан бері 3 қылмыстық іс тіркелген.

"Талдау барысында субсидиялаудың ақпараттық жүйелері жетілдірілмегені, рұқсатсыз қол жеткізгені, қорғалмағаны және олардың функционалында көптеген кемшіліктер бар екені белгілі болды. Бюджет қаражатын жымқыруға бағытталған қылмыстық схемаларды аштық және бұл айла-шарғыларға ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің өздері де қатысқаны белгілі болды. Ал олардың көпшілігін қылмыстық қудалау орбитасына алдау және жаңылыстыра отырып араласуға мәжбүрлеген. Субсидиялауды тиімсіз және мақсатсыз пайдаланғаны үшін әкімдіктер мен бейінді министрліктің лауазымды тұлғаларының жауапкершілікте болмауы жағдайды шиеленістіріп отыр", – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Нұржан Оспанов.

 Бұдан бөлек кәсіпкерлер құқықтық құжаттарда кеткен қателіктерден де зардап шегіп отыр екен.

"Кейде көптеген заңдардың шикілігінен, ауылшаруашылығы министрлігі қабылдаған нормативті құқықтық актілерден қате табылады. Соның кесірінен қарапайым шаруашылықтар зиян шегуде. Мәселен, өткен жылы жергілікті атқарушы органдардан кәсіпкерлерге 20 миллион теңгеге жуық субсидияны қайтарсын деген талап арыз түсті. Айыбы сол, тыңайтқыш алатын субсидия алу кезінде өтілім ішінде олардың келісім-шартты тіркемегендігінен делінді. Ал ережеде келісім-шарттың тек нөмірі жазылады, деп нақты жазылған. Палата заңгерлері талап арыздың дұрыс еместігін дәлелдеп, 20 миллион теңгені төленбейтіндей етіп нақтылап берді", – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Серіков.

Енді сала мамандары ауылшаруашылығы саласындағы жемқорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар бойынша тізе қосып жұмыс істемек.  

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу