Дау мен жанжалды сотқа жеткізбей шешуге басымдық беріледі

1291

Сенаторлар екінші оқылымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Дау мен жанжалды сотқа жеткізбей шешуге басымдық беріледі

Қабылданған құжат азаматтық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіруді, татуластыру рәсімін қолдану саласын кеңейтуді, азаматтардың сот шығысын барынша азайтуды, сондай-ақ халық арасында туындайтын дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей шешуді көздейді. 

Бұл туралы сенатор Ләззат Сүлеймен былай деді: "Заң жобасын 2 негізгі блокқа бөлуге болады. Бірінші блок дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеуді дамытуға, екінші блок азаматтық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Бірінші блок бойынша тоқталсақ, елімізде медиаторлар кәсіби және қоғамдық негізде болып 2 түрге бөлінеді. Тәжірибеге сәйкес, ірі қалалар кәсіби медиацияның орталығына айналуда. Ал ауылдарда қоғамдық медиация дамуда. Негізінен кәсіби медиация онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар: бұзақылық, ұрлық, алаяқтық, озбырлық, жол қозғалысы ережелерін бұзу сонымен қатар абайсызда болған жағдайларда қолданылады. Айыпталушы мен жәбірленуші арасындағы 2  тарапты да қанағаттандыратын медиативтік келісім азаматты әрі қарай құқық қорғау органдарына беруді тоқтатуға негіз болады. Алайда бұл – қылмыскерге кешірім жасалу керек немесе қылмыскер жазасын өтеуден құтылуы керек деген сөз емес". 

Бұдан кейін сенатор заң жобасының екінші блогы туралы пікір білдірді. 

"Екінші блок "Үлгілі сот шешімі" институтын енгізу бастамасына негізделген. Жоғары тұрған сотқа тараптардың келісімімен көптеген ұқсас және біртектес істердің бірін талап ету, қабылдау, бірінші сатыдағы соттың ережелері бойынша қарау және ол бойынша үлгі болатын шешім шығару құқығы беріледі. Егер, сот іс бойынша жағдайды басқаша деп санаса, басқа шешім қабылдайды. Үлгілі шешім тараптардың келісімімен ғана мүмкін болады. Бұл норма, әлемдік тәжірибе – сот практикасының біркелкілігін орнатуға мүмкіндік береді", – деді Ләззат Сүлеймен.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу