"Дефицит бар": Депутат сұйытылған мұнай газы бойынша мәселе көтерді

308

Мәжілістің жалпы отырысында тауар биржалары мәселелері бойынша заң жобасы қаралды. 

"Дефицит бар": Депутат сұйытылған мұнай газы бойынша мәселе көтерді Фото: knews.kg

Депутат Еділ Жаңбыршин сұйытылған мұнай газының ішкі нарықта көлемі жетіспей жатқанын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2021 жылы "Тауар биржалары туралы" заңға өзгерістер енген болатын. Соған сәйкес, сұйытылған мұнай газы электрондық сауда алаңында 100 пайызға сатылатыны болып белгіленген. Бірақ өздеріңізге белгілі сол сұйытылған мұнай газын сату жөніндегі нормативтік құжаттық актілердің толық әзірленбеуі, одан басқа сұйытылған мұнай газының ішкі нарықта жетіспеушілігі, спекуляция газдың бағасын бір литріне 120 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Оның салдарын 2022 жылы өзіміз көрдік. Соған байланысты осыған екі жыл бұрын Самат Мұсабаев (ред. – депутат)  екеуміз 2025 жылға дейін биржаға сұйытылған мұнай газын шығармау жөнінде норма берген едік. Желтоқсанда оның уақыты бітеді. Сұйытылған мұнай газын биржаға шығаруға қатысты тиісті нормативтік құжаттар толық дайындалды ма? Біз тағы да Самат Мұсабаев екеуміз 2030 жылға дейін сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта биржада сатпау жөнінде норма бердік", - деді Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында.

Сөзінше, қазір сұйытылған мұнай газының ішкі нарықта көлемі жетіспей жатыр. 

"Дефицит бар. Осыған энергетика министрлігінің көзқарасы қандай? 2030 жылдан кейін сұйытылған мұнай газының көлемі бойынша Қазақстанда дефицит бола ма, болмай ма? Қандай болжамдар бар?", - деп сұрады депутат тиісті ведомство өкілдерінен.

Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Мәжіліс депутатының ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

"Энергетика министрлігі бүгінгі талқыланып жатқан заң жобасындағы кейін сұйытылған мұнай газының биржалық саудасы 2030 жылдың 1 қаңтарына дейін алмасу жөніндегі згерістерді қолдайды. Себебі қазір сұйытылған мұнай газы әлі де тапшы, дефицит. Қазіргі таңда оны байқап отырмыз. Яғни бұл шектеуді 2025 жылдан 2030 жылға дейін ауыстыруға қарсы емеспіз", - деді Әлібек Жамауов.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова осыған дейін бұл мәселе жұмыс тобында талқыланғанын айтты. 

"Бұл мәселенің екі жағы бар. Біріншіден, бұл шынында да дефицит тауар, оны тауар биржасына 100 пайыз шығарудың белгілі бір қауіп-қатері бар. Бірақ 2025 жылдың соңына қарай заңнамалық тұрғыдан бұл мәселені реттейміз деп ойлаймын", - деп жауап берді вице-министр.

Мәжілісмен тиісті ведомство өкілдерінің жауабына қанағаттанбады.

"Бір сұрағыма жауап ала алмадым. 2030 жылдан кейін көлем бола ма? Содан кейін қазір ғана атап өткен 20-30 пайызға көтереміз деген ол дұрыс емес. Оны біз 2021 жылға дейін көрдік. Сол бізге үлкен мәселе алып келді. Сондықтан бізде үлкен көлеммен биржаға шығып, ашық саудаға шығуымыз керек немесе біз оны тыйып тастауымыз керек", - деп нақтылады Еділ Жаңбыршин.

Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов ведомство тапшылық мәселесін 2030 жылы жабуды жоспарлап отырғанын баса айтты. Айтуынша, министрлік Қашағанда және Қарашығанақта сұйытылған мұнай газын шығаруды көздеп отыр. 

"Қашағанда шығарылатын көлемі жылына 800 мың тонна болады деп жоспарланған. Қарашығанақтан жылына 600-700 мың тонна сұйытылған мұнай газын өндіреміз деп есептеп отырмыз. Осылайша біз 2030 жылы дефицит мәселесін толық шешеміз деп ойлаймын", - деп жауап берді ведомство өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу