Отырыста ұлттық экономика министрі алғаш рет депутаттарға заң жобасын таныстырды. Алайда Ирғалиев қазақша сұрақтарға орыс тілінде жауап берді.
Осыған байланысты депутат Берік Дүйсенбинов ведомство басшысына ескерту жасады.
"Министрге бір ескертуім бар. Құрметті Әсет Арманұлы, сіз тәуелсіз мемлекеттің мәжілісіне алғаш рет келіп тұрсыз. Сіз қазақша қойылған сұрақтардың барлығына рұқсат сұрамай, орысшаға сырғып кеттіңіз. Сіз жасыңызға қарамай 18 миллион адамның ішінен министр болған екенсіз... Сізді тәуелсіздіктің құрдасы деп санаймын. Жасыңыз да осы тәуелсіздікпен шамалас шығар", - деді ол.
Дүйсенбиновтің пікірінше, министрдің бұл әрекеті ұят.
"(Сұраққа – автор) ана тіліңізде жауап бермегеніңізді ұят деп санаймын. Сондықтан сізге ескерту. Қазақ тілінде қойылған сұраққа ана тіліңізде жауап беріңіз. Өтініш", - деді депутат.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин да бұл пікірді қолдады.
"Сөзіңіз орынды", - деп жауабын ол қысқа қайырды.
Әсет Ирғалиев ескертуге жауап берген жоқ.