Елімізде коронавирусқа қарсы екпе алғандардың үлесі әлі 1%-ға да жетпейді

1059

Депутат Ирина Унжакованың пікірінше, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцина салдыру жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмай отыр.  

Елімізде коронавирусқа қарсы екпе алғандардың үлесі әлі 1%-ға да жетпейді Фото: inbusiness.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирина Унжакова Денсаулық сақтау министрлігінің (ДСМ) жұмысын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол ақпанда Nur Otan фракциясының депутаттары министрдің атына коронавирусқа қарсы вакцина салдыру мәселесіне қатысты сауал жолдағанын айтты. Бірақ мардымды жауап ала алмаған.

"Министрдің жауабын алдық. Алайда түсініксіз күйді кештік. Жауапта осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатқаны, оның ішінде түсіндіру науқаны жүргізіліп жатқаны айтылады. Өкінішке қарай, жұмыстың нәтижесін көрген жоқпыз. Тіпті, жүргізілген жұмыстың мардымсыз болғаны соншалық елдегі (коронавирус – автор) жағдайы жақсармай отыр... Тіпті, коронавирус жұқтыру дерегі азайғанның орнына, "қызыл аймаққа" енген өңірлер артып келеді", - деді Ирина Унжакова Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, еліміздегі CОVID-19-ға қарсы вакцина салу жұмыс жүйелі жүргізіліп жатқан жоқ. 

"Кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакцина салдыруға шақырды. Алайда "екпені қайда салдыру керек?" деген сұрақ туындайды. Себебі, аймақтардағы емханаларда вакцина сатылмайды. Бұл жағдай өткен жылды еске түсіреді. Онда адамдар ПТР-тестіні қайда және қашан тапсыратынын білген жоқ. Бүгін де адамдар екпені қайда және қашан салуға болатынын білмей отыр. Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала әрекет жасай алмай ма?", - деді депутат.

Ирина Унжакова Денсаулық сақтау министрлігі Президенттің тапсырмасын орындай алмай отыр деген пікірде.

"Елдегі жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусқа қарсы күресте өз тәжірибесінен де, әлем тәжірибесінен де сабақ алмағанын көрсетеді. Мысалы, Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия, Сингапур және басқа да елдерде халықтың жартысынан 90%-на дейін коронавирусқа қарсы вакцина алған", - деді депутат. 

ДСМ мәліметінше, бүгінде елімізде 101 мыңға жуық (0,7%) адам екпе алған.

"Бұл халықтың 1%-ына да жетпейді. Ал вакцинация 2 ай бұрын басталған. 19 млн-ға жуық тұрғыны бар Қазақстан үшін вакцина салдыруды 70%-ға жеткізуге 15 жыл керек. Мұны есептеу үшін ерекше математикалық қабілеттің керегі де жоқ", - деді депутат.

Сонымен қатар ол елімізде вакцина өндіретін зауыттардың жұмысы туралы нақты мәлімет жоқ екенін айтты.

Депутаттың айтуынша, ресейлік "Спутник V" вакцинасын өндіруге және жеткізуге 18 миллиард теңге бөлінген. Оның 15,2 миллиард теңгесі Қарағанды фармацевтикалық кешеніндегі вакцина өндірісіне жұмсалған.

Ирина Унжакова вакцина өндіретін Жамбыл облысындағы зауыттың құрылысы да күмән тудыратынын жеткізді. Оны салуға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлініпті. Зауыт өткен жылдың қыркүйегінде салына бастаған. 

"Жобаға тәжірибесі жоқ жобалаушы қатыстырылған. Салдарынан сметаларға жабдықтың бір бөлігін енгізу "ұмытылып кеткен". Бүгінде зауыт корпусы толық салынды, бірақ жабдықтар әлі жеткізілген жоқ. Осылайша, жартылай салынған нысанға жергілікті атқарушы органдар жауап беретін болды", - деді депутат.

Ирина Унжакова коронавирус пандемиясы кезіндегі ДСМ-ның жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты.

"Бұрынғы министр Біртанов пандемиямен күрестің басталуын сәтсіз аяқтаса, бүгінде министр Алексей Цой халықты вакцинациялау жұмысын "сәтті" жүргізіп отыр.... Тіпті, халық коронавирусқа қарсы вакцинаны қашан, қайда және қалай алу керегін де білмейді.

Денсаулық сақтау министрлігіне шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдау керек. Әйтпесе, елімізде өткен жылы болған жағдай қайталануы мүмкін", - деді депутат.

Ол Үкімет басшысы Асқар Маминге коронавируспен күресте вакцина салғызудың маңызды екенін атап өтіп, сауалына толық жауап беруді сұрады.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу