Қазақстан 2018 жылдың 19-22 маусымында Астана қаласында өтетін 25-ші дүниежүзілік тау-кен конгресіне (ДТК) белсенді түрде дайындалуда, деп хабарлайды ИДМ баспасөз қызметі.
Бұл қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеру, ғылым және техника, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін әлемнің 50 елінің іскерлік орта кәсіпқойлары мен ғалымдарын біріктіруге бағытталған ең ауқымды және маңызды салалық іс-шаралардың бірі.
2018 жылы конгресс "Инновациялық басымдық - әлемдік тау-кен өнеркәсібінің өсу жолында жасалған қадам" ұранымен өтеді. Геологиялық барлау, өндіру және байыту, тәуекелдерді бағалау, саланы цифрландыру, жаңа технологияларды енгізу, халықаралық қаржыландыруды тарту және т.б. мәселелерді қамтиды.
Қазірдің өзінде құрамында Австралия, Австрия, Канада, Польша, Норвегия және Франциядан делегациялар, әлемнің ғылыми және іскер қоғамдастықтарының жетекші сарапшылары, инвесторлар мен қаржы институттары, сондай-ақ үкімет басшылары бар 46 ел, 56 профильдік қауымдастық, 41 университет қатысатындарын растады.
Айта кетсек, 2016 жылы қазан айында Рио-де-Жанейро қаласында (Бразилия) өткен 24-ші дүниежүзілік тау-кен конгресі кезінде Қазақстан Астанада 25-ші дүниежүзілік тау-кен конгресін өткізу эстафетасын қабылдады.
Әлемдік маңызы бар осындай кең ауқымды оқиға бірінші рет тек Қазақстанда ғана емес, ТМД аумағында өткізілмек. Қазақстан мерейтойлық конгресті өткізу үшін кездейсоқ таңдалған жоқ. Біздің ел қоры мол минералды-шикізат базасы болып табылады: жер қойнауында периодты кестенің 99 элементі табылған, 5000 әрекет ететін кен орны бар, өндірісте 60-тан астам элементтер пайдаланылады.
2017 жылғы 27 желтоқсанда қол қойылған "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекске енгізілген өзгертулер әлемдегі үздік тәжірибеге сәйкес келеді: есеп берудің халықаралық стандарттар жүйесін енгізу аясында заңнаманы жетілдіру жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарттарын жасау тәртібін айтарлықтай жеңілдетеді, жер қойнауын пайдалану шарттарын тұрақтандыруды қамтамасыз етеді және саланың инвестициялық тартымдылығына ықпал етеді.