Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус індеті бойынша онлайн мәлімдеме жасады. Әуелі әлемдегі жағдайға тоқталған министр 6 қаңтардан бері Қытайдан елге кірген 20 515 адамның 54-і түрлі белгілермен ауруханаға жеткізілгенін атады.
Оның айтуынша, әлемде 7711 адам коронавирус жұқтырғаны анықталған. Соңғы дерек бойынша, 170 науқас көз жұмған. Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі қытайлық азаматтар екенін айтқан Елжан Біртанов 17 мемлекеттің 90 азаматы да коронавируспен ауырып жатқанын баяндады.
"6 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен ерекше санитарлық іс-шаралар қабылданғаны белгілі. Шекарада санитарлық бақылау күшейтілді. Мемлекеттік шекарадан 20 515 азамат өтті. Оның ішінде 19 989 Қазақстан азаматы, 526 шетел азаматы бар. Осы азаматтардың барлығын тұрғылықты жері бойынша мониторингке алып жатырмыз. Қазіргі уақытта 78%-ын тіркеуге алдық. Яғни 15738 адаммен жергілікті емханалар тікелей байланысқа шығып, жағдайларын бақылауда ұстап отыр", – деді ол.
Елжан Біртанов Қытайдан келіп, денсаулығына байланысты ауруханаға түскен азаматтардың арасында коронавирус жұқтырғандар болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Қытайдан кірген азаматтардың арасында жоғары температурамен және басқа да сипмтомдармен 54 азамат ауруханаға жеткізілді. Олардың диагноздары вирустық инфекцияларға байланысты және мүмкін коронавирустық инфекциясы ауруларымен байланысты ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында 16 науқастың нақты диагнозы анықталып, емделген соң шығарылды. 38 науқас әлі емделіп жатыр. Барлық науқастардан ерекше зертханалық анализдер алынды. Қазір диагностика өткізілуде. Алматы қаласында орналасқан аса қауіпті инфекцияларға байланысты ұлттық ғылыми орталықтың негізінде және Ұлттық биотехнологиялық орталықтың мамандарымен бірге арнайы генетикалық диагноситикалық зерттеу басталды. Осы зерттеудің қорытындысы бойынша емдеу жалғасады", – деген министр қалыптасқан жағдайға байланысты медициналық мекемелерді қосымша дәрі-дәрмекпен қамту шарасы ұйымдастырылғанын жеткізді.
Атап айтсақ, инфекциялық емханалар базасында қосымша 10 төсек дайындалған. Жыл сайын елімізге 2 миллионға жуық медициналық маска алынатын болса, қазір 5 млн маска резеві жасақталыпты. Қосымша маска алу бойынша жұмыс жүріп жатыр.