Атырауда ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен өткен өңіраралық конференцияда сапалы медициналық көмек көрсету, триаж жүйесін енгізудің тиімділігі, дәрі-дәрмек нарығын дамыту, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің маңызы мен жалпыға бірдей декларациялауды енгізу және тағы басқа мәселелер сөз етілді.
Солардың бірі – алғашқы көмек көрсету деңгейін арттыру. Мәселен, шетелде ауырып ем іздеген азаматтардың 90 пайызы алдымен жалпы тәжірибелі дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ал елімізде керісінше, азаматтардың 25 пайызы ғана жалпы тәжірибелі дәрігерге көрінуге асығады екен. Медицина саласында маман тапшылығын жою да өзекті. Қазір Қазақстанда 2800 дәрігер жетіспейді. Дегенмен, осы жылы 6 мың жас маман тәжірибеден өтуге жіберілген. Жиында Елжан Біртанов бас дәрігерлерді "маман тапшылығын қолдан жасамауға" шақырды.
"Барлығын тапшылық деп айта беруге болмас. Бас дәрігерге маман тапшы болған тиімдірек. Қалай дейсіздер ғой. Біз есепте тұрған әр адам үшін айына 1000 теңге бөлінеді. 2000 адам есепте тұрса, бұл 2 млн теңге қаржы деген сөз. Соның 100 мыңын ғана дәрігер алады. Бас дәрігерлерге мамандар тапшылығын қолдан жасаған ыңғайлы. Жас мамандарға жұмыс жоқ деп хабарлайды", – дейді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Денсаулық сақтау саласына жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Сол себепті, мемлекет қазынасынан бөлінген әр тиынның тиімді жұмсалуы маңызды. Қазірдің өзінде шағын ауруханалардағы әкімшілік шығыстарды қысқарту үшін еліміз халықаралық стандарттарға көшуде. Яғни осы арқылы 3 аурухана бір ауруханаға біріктіріледі.
"Қаржыны тікелей емге, дәрігерлерге жеткізу мақсатымыз болып табылады. Біз санадық,сол стандартты енгізсек жыл сайын 26-27 млрд теңге үнем болады. Ол ақша ешқайда кетпейді. Сол ақшаны біз дәрігер, медбикелердің айлықтарына жіберуіміз қажет", – деп атап өтті еліміздің бас дәрігері.