Қазақстанда биылғы 8 сәуірден бастап ана мен бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемдерді есептеу ережесі өзгереді. Реформа жүктілік және босану бойынша төленетін жәрдемақыларға да, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша берілетін төлемдерге де қатысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақы мөлшеріне қатысты манипуляциялар анықталғаннан кейін тиісті өзгерістерге бастамашылық етті. Бүгінгі таңда алаяқтық жасады деп күдікке ілінген жәрдемақы алушыларға қатысты 113 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Десек те, сарапшылар осындай шектеу шаралары күтпеген әсер беруі мүмкін екенін айтып отыр. Жаңашылдықтар теріс әрекеттердің алдын алудың орнына, болашақ аналарды ресми емес жұмыс іздеуге итермелеуі мүмкін. inbusiness.kz сайтының редакциясы аталмыш өзгерістер елдегі отбасылардың әлеуметтік қорғалуы мен жалпы еңбек нарығына қалай әсер ететінін анықтап көрді.
Әлеуметтік төлемдерді есептеудің жаңа тәртібі: негізгі өзгерістер
Атап өтер маңызды жаңалықтардың қатарына жәрдемақыларды есептеу кезінде ескерілетін орташа айлық кірістің шекті мөлшерін белгілеу жатады. Бұл жәрдемақы алушының қанша жерде жұмыс істегеніне қарамастан, есептеу 595 000 теңгені құрайтын ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 7 мөлшерінен аспайтын табысқа сәйкес жүргізіледі деген сөз.
Жәрдемақыларды есептеу үлгісі:
2025 жылдың 8 сәуіріне дейін:
- Жалақы көлемі 500 000 теңге болатын екі мекемеде жұмыс істеу.
- Жалпы табыс: 1 000 000 теңге.
- Төлем мөлшері: 3 780 000 теңге (әр жұмыс орнынан 1 890 000 теңгеден).
2025 жылдың 8 сәуірінен кейін:
- Жұмыспен қамтудың өзгеріссіз жағдайы.
- Жалпы табысы 1 000 000 теңгеге болғанына қарамастан, жәрдемақы 595 000 теңгенің (7 АЕК) шекті мәніне сәйкес есептелетін болады.
- Төлемнің мөлшері: 2 249 100 теңге.
Бұдан бөлек өзгерістер 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыларға да әсер етеді. Егер әйел бала осы жасқа толғанға дейін жұмысын қайта жалғастырса, ол бұдан былай МӘСҚ-дан орташа айлық табысының 40% мөлшерінде ай сайынғы төлем алмайды (595 000 теңге табысы кезінде ең көбі шамамен 200 000 теңге). Яғни жәрдемақы мөлшері төмен болады, айына – 22 000-35 000 теңге.
Қаржыгер Дана Жарлығапованың сөзінше, өзгерістер ресми кіріс деңгейі жоғары әрі тұрақты әлеуметтік аударымдары бар азаматтарға айтарлықтай әсер етеді. Жаңа шектеулердің босанғанға дейін 7 ЕТЖ-дан жоғары табысы бар әйелдерге, босанған соң барлық жұмыс істейтін ата-анаға ықпалы бар.
Әлеуметтік төлемдердің жаңа ережелеріндегі құқықтық қайшылықтар
Сарапшылар әлеуметтік сақтандырудың жаңа ережелері мен Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы арасындағы құқықтық сәйкессіздіктер бар екенін айтады. Заңгер Сайкен Айсин мұны еңбек және салық құқығы тұрғысынан талдап көрді.
"Қолданыстағы заңнама бойынша азаматтар бірнеше жерде жұмыс істеуге және әртүрлі табыс көздеріне – еңбек қызметінен бастап кәсіпкерлік пен пассив табысқа дейін құқылы. Осы тұста табыстың барлық түріне міндетті әлеуметтік аударымдар салынады", - деді Сайкен Айсин.
Оның айтуынша, жүктілік және босану бойынша төлемдерге шектеулер қою құқықтық теңгерімсіздікке әкеледі. Яғни, мемлекет азаматтың барлық кіріс көзінен әлеуметтік аударымдар алғанымен, жәрдемақыларды есептеу кезінде оның жалпы табысының бір бөлігін ғана ескереді.
Заңгер "Құқықтық актілер туралы" заңның 12-бабына сүйене отырып, заңнамалық нормалар ішкі келісуді қажет ететінін баса айтты. Қарама-қайшылықтарды жою үшін Салық кодексіне түзету қажет, дейді ол.
"Мәселені шешудің екі жолы бар: әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде барлық жалпы кірісті есепке алу немесе әлеуметтік аударымдарды тек белгілі бір сомадан алу", - деді Сайкен Айсин.
Яғни, сарапшының сөзінше, енгізілген шектеулер материалдық төлемдердің мөлшеріне ғана емес, әлеуметтік әділеттіліктің негізгі қағидатына да әсер етеді.
Жаңа ережелер көлеңкелі экономиканың өсуіне әкелуі мүмкін
Бұдан бөлек сарапшылар әлеуметтік төлемдер жүйесіндегі өзгерістер кірісті заңдастыру үшін күтпеген салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сайкен Айсиннің сөзінше, жәрдемақыларды есептеудің жаңа тәртібі әйелдердің ресми жұмысқа орналасуға деген ынтасын төмендетуі мүмкін.
"Қазіргі жүйе әйелдерді еңбек қатынастарын заңдастыруға және барлық міндетті төлемдерді төлеуге ынталандырды. Бірақ та, жаңа ережелер кері әсер беруі мүмкін. Ресми жұмысқа орналасуға деген қызығушылықтың азаюына байланысты салық түсімдері төмендеуі мүмкін", - деді Айсин.
Дана Жарлығапова осындай жағдай жеке кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін әйелдерге де қатысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, олардың дені Еңбек министрлігі айтпақшы, кірістерді "көбейтуге" тырыспаған, олар өз қызметін ресми түрде көлеңкелі экономикадан шығарған.
"Жеке кәсіпкерлігі бар әйелдер өздерінің нақты табысын декреттік төлемдерді есептеу кезінде ғана емес, болашақ қажеттіліктер үшін, мәселен, ипотека алу немесе келесі декреттік жәрдемақыны есептеу үшін ресми түрде көрсетті. Бірақ та, қазір жаңа жүйе оларды ресми емес жұмыс істеуге мәжбүр етуі мүмкін", - деді сарапшы.
Жұмыс істейтін аналарға арналған бала күтімі бойынша жәрдемақы бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі кезеңде ресми табыс алған кезде 200 000 теңгеден 22 000-35 000 теңгеге дейін күрт төмендейді.
"Нақты жұмыс істейтін декреттегі әйелдер олардың табыс деңгейіне қарамастан, егер олар бала 1,5 жасқа толғанға дейін жұмысқа шығатын болса, онда табысын жасыру тиімдірек болатын жағдайға тап болуы мүмкін. Егер сәбиі бар әйел жұмыс істеуге мәжбүр болса, онда оның отбасына ақша қажет деген сөз. Бала күтімі бойынша жәрдемақыны жоғалту бюджетке үлкен соққы болып тиеді. Көбі ресми емес жұмыс істегенді құп көруі мүмкін және оларды түсінуге болады", - деді Джарлығапова.
Сарапшылар тиісті жаңашылдықтардың теріс салдары барын, бұл салық түсімдерінің төмендеуінен және экономиканың көлеңкелі секторының күшеюінен көрінуі мүмкін екенін айтады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлем шығындарын қысқартқанымен, мемлекеттік бюджет әйелдердің еңбек қызметінен салық түсімдерінің азаюына байланысты елеулі шығындарға ұшырау қаупі бар.