Сенатор Бибігүл Жексенбай төтенше жағдайдың залалын өтеудің жаңа тетігін ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"БҰҰ-ның мәліметінше, соңғы 20 жылда дүние жүзінде табиғи апаттар саны 2 есе өскен. Қазақстанның 75 пайызы дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман және дала өрттері сияқты табиғи апаттардың қаупі жоғары аумаққа жатады. Халықаралық тәжірибе бойынша мұндай табиғи және техногендік апат аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемлекеттік бағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Түркияда 1999 жылдан бері апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы, Түркияның апатты сақтандыру пулы қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің шамамен 50 пайызы осы міндетті бағдарламамен қамтамасыз етілген. Жапонияда 1966 жылғы жер сілкінісін қайта сақтандыру бағдарламасы іске қосылды. Осы уақыт ішінде бағдарлама үнемі жетілдіріліп келеді", - деді сенатор Үкімет басшысына жолдаған депсауалында.
Депутат шетелдік сақтандыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтандырылатынын жеткізді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, апаттық тәуекелді сақтандырудың барлық сәтті үлгілері ықтимал шығындардың орасан зор көлеміне байланысты мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
"Ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды толық дербес өтей алмайды. Табиғи апаттардан төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек өтеледі. Мұндай жағдайда зардап шеккендердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі және олардың қаржылық мәселелерді шешу ауыртпалығы дерлік жергілікті атқарушы органдар мен ҚР Үкіметі көтеріп отыр", - деп жалғастырды ол.
Бибігүл Жексенбай елімізде сақтандыру мәдениеті қалыптаспағанын да баса айтты.
"Дегенмен 2024 жылдың алғашқы екі айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3 пайызға өскен. Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы тиесілі. Алматының үлесі небары 14 пайыз ғана. Алайда су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандырудың деңгейі аса төмен, бір пайыздан да аз", - деді сенатор.
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай отандық сақтандыру компанияларының төтенше жағдайлар шығынын өтеуге қатысты әлеуетіне сараптама жасауды ұсынып отыр. Сондай-ақ, олардың жарғылық қорларын көбейту жағдайын зерделеу қажет деген пікірде.