Есірткінің заңсыз айналымына қашан тоқтау болады?

312

Жыл басынан бері осы қылмыстар бойынша 3 мыңнан астам адам сотталған. 

Есірткінің заңсыз айналымына қашан тоқтау болады? Фото: inbusiness.kz

Есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар санының өсу тенденциясы анық байқалады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2011 жылы осы қылмыстар бойынша тіркелген қылмыстардың саны 4360 болса, биылғы 10 айда 6715-ті құрады. 2011 аталған фактілер бойынша 2325 адам сотталған болса, осы жылдың 10 айында олардың саны 3193-ке дейін артып отыр. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы есірткінің заңсыз айналымына қатысты тиімді шаралар қолдану туралы барлық құқық қорғау органдарына нақты тапсырма берді. Мәселен, әлемде кейбір елдерде есірткі бизнесіне қарсы арнайы органдар жұмыс істейді. Біздегідей ішкі істер министрлігі жанынан емес. Осыған байланысты нашақорлыққа, есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелерінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау үшін бірыңғай үйлестіруші мемлекеттік орган құру бойынша сіздің (ред. – Бас прокуратура өкілі) ұстанымыңыз қандай? Екіншіден, қадағалау органы ретінде тағы қандай қосымша шаралар қолдану керек деп есептейсіз?", - деді Абзал Құспан Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиевтің сөзінше, нақты бір органды құру туралы мәселе жіті талқылауды қажет етеді.

"2000 жылдары елімізде арнайы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне күресу туралы агенттігі болған. Кейіннен агенттік жабылып, Әділет министрлігінде комитет болды, содан кейін функцияның барлығы комитет болып, Ішкі істер министрлігіне берілді. Бұл агенттік неге жабылғаны туралы нақты білу керек. Екіншіден, ондай орган ашатын болсақ, онда тек үйлестіру функциясы бола ма әлде құқық қорғау функцияларын беру керек пе – осыны да анықтау қажет. Атап айтқанда, жедел үйлестіру функцияларын немесе тергеу функциялары. Мұндай жағдайда елімізге тағы бір құқық қорғау органы керек пе әлде жоқ па деген сұраққа қарау керек. Тағы бір мәселе. Егер біз тек қана үйлестіру функциясын берсек, онда ол органның бұйрықтары, нұсқамалары қаншалықты міндетті болады, басқа құқық қорғау органдарымен қарым-қатынасы қандай болады? Осы сұрақтарды талқылап, сосын ғана шешім қабылдау керек деп ойлаймын", - деп түсіндірді Әсет Шыңдалиев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда есірткінің денсаулыққа зияны туралы ақпарат көп.

"Меніңше, жастардың арасында есірткі таратушыларға қандай қатаң жаза қолданатыны туралы ақпарат аздау. Сол жағынан жұмысты белсенді жасау қажет", - деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте есірткі қылмысымен күрес шараларына арналған Үкімет сағаты өтіп жатқанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу