Еуропаға жүктерді тасымалдаудың балама жолы белгілі болды

327

Қазақстан Түркіменстан және Иранмен еркін транзитті қамтамасыз ету мақсатында келіссөз жүргізді.

Еуропаға жүктерді тасымалдаудың балама жолы белгілі болды Фото: tuning-lada-2109.ru

Соңғы жылдары автотасымалдың оң серпіні Еуропа елдерімен экспорт және импортта байқалып отыр. Бұл туралы Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Былтыр осы бағыттарда отандық тасымалдаушылардың үлесі 13%-ға өсіп, 48%-ға жетті. Бұл ел экономикасына шамамен 80 млрд теңге қосымша түсім әкелді. Алайда бүгінде Беларусь пен Еуропа елдері арасындағы 13 өткізу пунктінің 8-і және Ресей мен Финляндия арасындағы барлық 8 өткізу пункті жабылған. Беларусь тарапының ақпараты бойынша еуропалық пункттері жалпы қуатының 40%-ымен ғана жұмыс істеп жатыр", - деді вице-министр.

Сәтжан Аблалиевтің дерегінше, бұл жағдай қазақстандық автокөлік құралдарының Беларусь және Литва, Латвия шекараларында ұзақ мерзім тоқтап тұруына әкеліп отыр.

"Жүктерді Еуропаға жеткізудің балама жолы ретінде Түркіменстан және Иран елдерімен еркін транзитті қамтамасыз ету мақсатында келіссөздер жүргіздік. Бұл бағыттағы жүк тасымалының құны мен жеткізу мерзімінің артатынын атап өткен жөн. Десек те, аталған бағыт санкциялық жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ Еуропа елдері Ресей мен Беларусьтегі шекараны жауып тастаған жағдайда бірден-бір балама маршрут болып есептеледі", - деді ол.

Айта кету керек, осыған дейін 2029 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 5 есеге артуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу